Өлеңдер ✍️
ПАМФЛЕТ
Әуелі тым жақсы өлең жазып жүрдің,
Артынан көк нас салып, азып жүрдің.
Қиналып жүргеннен соң жылап-сықтап,
Біреуден сұрап алып, қарыз бердім.
Жүрген соң аңғал-саңғал сеніп едім,
Қорғаған кездерім көп сені менің,
Баз кешіп, жақын-жуық жерігенде,
Сен менен қайыр сұрап келіп едің.
Сен жайлы көп естідім, сенбеп едім.
Мен үшін сыпсың сөзден ілгері едің.
«Шөп басы қимылдамас жел болмаса»
Дегеннің дұрыстығын енді білдім.
Алған соң керегіңді, тайсақтадың,
Тығылып менен төрт жыл, «жан сақтадың».
Еріңді ермегіңе жығып беріп,
Он жылдай отбасыңнан алшақтадың.
Жоқ сенің сырың менен жасыратын,
Мен сені бағалаппын асыра тым.
Көрмеппін саған дейін бір адамды
Қулығын түлкіден де асыратын.
Құрбы едік, тату едік, маңызды едік,
Араны ашып алдым қарыз беріп.
Біреулер менен гөрі жақын саған,
Шайнайтын ауызыңа сағыз беріп.
Шеттеп сен жүргенде мен қабылдадым,
Қиналып жүргенде мен табылмадың.
Ақшама сатып алған саяжайдың
Мен білдім жақындықтан айырғанын.
Жақсылық жамандыққа айнала ма?!
Намазды оқып жүрсің, иман қайда?!
«Маһшарда ауыр азап, күнә, - дейді, -
Қиналтып адал жанды жиған пайда».
Жамандық жақсылыққа осы болар,
Алаяқ аңғалдардың «досы» болар.
Ел кезіп, атқа мініп жүргендердің
Сабы мен қамшысының ұшы болар.
Ұятты ойламайды лыпасыздар,
Өтеді кедергісіз жотасыздар.
Жүрегін жаралайды сенгендердің
«Көзіне шөп салатын» опасыздар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter