Өлеңдер ✍️
СІҢЛІГЕ НАЗ
Көп күттім «Келіп, сәлем береді» деп,
Мен саған жарық күнді тіледім көп.
Періштем оң жақтағы сыбырлайды:
«Айтпасаң – сөз атасы өледі» деп.
«Апа» деп сыйлаушы едің кіші болып,
Барасың амандаспай, кісі болып.
Жұлдыз боп кеткендіктен Күн қасында,
Кетіпті қан жүгірмей, түсің оңып.
Кінәмшіл, кейде аңқау, аңғалақпын,
Үсті – мұз, асты – дария жарқабақтың.
Құлайды біреу аттан, біреу тақтан,
Тұрмайды баста дәурен тайғанақ тым.
Көзіңді салып жүрсің қияларға,
Ондай көз бір орында тұра алар ма?!
Бір құс бар көкек деген – жұмыртқасын
Кететін салып бөтен ұяларға.
Көздейсің нысананы жатып алып,
Естілді ел ішінде атың анық.
Арналған бақшалы мен шақшалыға
Қайтемін сәлеміңді сатып алып?!
Қолында билігі жоқ, көмегі жоқ
Апаның болып жүр-ау керегі жоқ.
Тұрпаты көрінеді біреулердің,
Қомақты қарыны бар, жүрегі жоқ.
«Апа» деп сыйлаушы едің кіші болып,
Кетіпті толысқан соң күшің толып.
Кетіпті-ау Күнге таяу жүргендіктен,
Адамдық бояуыңның түсі де оңып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter