Өлеңдер ✍️
МАҒИЯ АПАМА
Сіздей жан аз ғой, апа, жер бетінде,
Үйлескен мінез-құлқы келбетіне.
Сондықтан өзің қайда отырсаң да,
Кісілік қасиетің төрге өтуде.
Жалын ғой алау жүзің жанып тұрған,
Жел-құзын сырқаттардың айықтырған.
Жылынып қайту үшін шуағыңа
Мен сіздің ауыл жаққа барып тұрам.
Сіз маған көрінесіз туысымдай,
Сыйластық, қимастықтың қыры сынбай;
Өзіне мені ылғи тартып тұрад
Мейірім, жарқын қабақ, жылы шырай.
Сіз барда «апам жоқ» деп айта алмаймын,
Дәмді асын маған сақтар, балқаймағын.
Мен сізді көргім келіп, іздеп тұрам,
Есіме түскен кезде қай-қайдағым.
Ыстық қой ықыласың, күлкің маған,
Көңілді, сізді көрсем, желпіп алам.
Қазірде жоқ сияқты сізден басқа
«Қарағым, айналайын» дейтін адам.
Сондықтан маған жиі көрініңіз,
Жаныма шуақ болып төгіліңіз.
Жан жарың, балаларың мерейлі боп,
Бейнетсіз, ұзақ болғай өміріңіз!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter