Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  137


Автор: Айсырға Қилыбаева

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Таласқым келмей, жарасқым келмей ешкіммен,
Қусақ көлдегі құлазып жүрген
Ақанның күнін кештім мен.
Төгінділерге тойдырып, қарнын томпайтып,
Ұсақ торғайлар пыр-пырлап ұшады үстімнен.
Көріп тұрғанда, күліп тұрғанға жармастым,
Ақ бояуларым, қараға жиі алмастың.
Көктемгі жасыл жапырақтарым жайқалмай,
Тағдырым – құйын, боранды қыс боп жалғастың.
Аласұрғаннан, жан ашулардан шаршадым,
Пенде біткеннен табылмас бір күй аңсадым.
Дүниені шолып, көзімді ашып көргелі,
Кірпіктеріме мұз болып қатты қанша мұң!
Мұқалып келем, мұз бенен шоққа қайралып,
Қан қатқан жүрек барады мұзға айналып.
Мелшиіп тұрған жалаңаш жартас сияқты
Ой-жағалауда қимылсыз қалдым байланып.
Түсінбей мынау жыбыр мен у-шу, дабырды,
Сезінбес жандай иықтан басқан ауырды;
Селт етпейтін меңіреу жартас секілді
Қасқайып тұрып қарсы алам дүлей дауылды.
Басымды имен көнбісті жасық пенде боп,
Үрлеген сайын шалқиды шапшып мендегі от.
Жирентіп бітті адамға біткен сананы
Аздыру үшін жаралған жалған дүние-боқ.
Қараңғы құшып, еңсемді бұлтқа сүйедім,
Кеземін жалғыз қайғының қара түнегін.
Құдайдан өзге құдіретке қазір бой бермей,
Қарысып тұрған, алысып тұрған дүлеймін.
Таласқым келмей, жарасқым келмей ешкіммен,
Жапанда жүрген жалғыздың күйін кештім мен.
Жабығып кеттім.
Жалығып біттім айнала –
Тірлігі өңсіз, мұңсыз дос, ойсыз кескіннен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу