Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  141


Автор: Айсырға Қилыбаева

КҮН МЕН КӨЛЕҢКЕ

Адал сүтін емгендер анасының
Бас ауырса, болады жанашырың,
Қуаныш көп, жетеді қайғысы да
Тіршілікте адамзат баласының.
Танымайды туыс та байығасын,
Өзін Зорбай, Қорабай танығасын.
Ішек-қарын шылқылдап майға толса,
Білетін де сияқты арымасын.
Ісің түссе, әкімді жағалайтын,
Оны «Әмір» деп әдет қой бағалайтын,
Қалыптасқан заңы бар олардың да,
Көп қаққанды есігін қаламайтын.
Сонда-дағы барасың бағың сынап,
Нан сұрайсың, бармайсың тағын сұрап.
Адам деген – тоймайтын мақұлық қой
Беретін жоқ, көбірек алушырақ.
Құлақ салмай жұртының тілегіне,
Арқа сүйеп әкім жүр тірегіне.
Жолатпайды кіріптар, мүскіндерді,
Ақсақ-тоқсақ пошымын көреді де.
Тақсырларға табынып биіктегі,
Босағасын күзетіп, үріп көрді.
«Тақ бергенге қарымта қайырам» деп,
Тілінің де жартысын бөліп берді.
Құзырына солардың тап қылмасын,
Жалы биік астында тақ тұрғасын;
Аузы қисық болса да, бай сөйлейді,
Адасып кеп, басына бақ қонғасын.
Мейірімге жарымай жүретіндер –
Күн көзінен аз шуақ көретіндер.
Көлеңкеге үңілмей, көзін байлап,
Күнге жақын жүреді күлетіндер.
Толып жатыр шөп-шөңге уысында,
Байлық деген НӘНдердің уысында.
Талғамы жоқ ажалдың құлқынысың –
Сорлысың ба, бәрібір, ұлысың ба.
Ғасырлардың қойнауын ақтарғанда,
Тіл бітеді тас болып жатқандарға.
Мәңгіліктің тайпалмас тұғырында
Дуға-шуға булығып жатқан дала.
Көкке ұмтылған көңілдің бәйтерегі –
Туған ауылым, сүйемін әр төбеңді!
Адырнасын аңыратып ерлігіңнің,
Көтерейін жырыммен мәртебеңді.
«Адам жеген, - Адайды, - халық» дейді,
Түбін білмей, жөнсіз мін тағып келді.
Жайлы, жылы мекенде ұшып жүрген
Біздің жаққа жыл құсы ауып келді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу