Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  530


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

ЦЫГАН

О, жарқыным, қашан белің шешесін?
Аралайсың Лондон, Дели көшесін,
Теңіз өтіп, өзен суын кешесің,
Ашық аспан аясында ұйықтап,
Тау мен дала, орман кезіп өсесің.
Тынар өмір қай мекенде, қай елде –
Уақыт жетсе, жол-сапарда өшесің.
Сапар емес, кезу сенің өмірің,
Қозғалуды аңсап тұрар көңілің.
Ел көрсең де шермен жатқан егіліп,
Қаусап қалған қабырғасы сөгіліп,
Тоқтамайсың, көше беру арманың
Жерде байлық жатса-дағы төгіліп.
Жердің мұңын, көктің күйін тыңдайсың,
Аяз, жаңбыр, ыстықтарға қыңбайсың.
Айдалада ағараңдап шатырың,
Таң саз бере тағы кешу — тынбайсың.
Бір заманда, бір мекенде, бір елде
Зорлық көріп безіп кеткен бе екенсің?
Тұрақтасаң, тап берердей сол тажал,
Жер-жаһанды кезіп кеткен бе екенсің?
Ажал, апат, арсыздықтан жиреніп,
Қорқыт сынды сезіп кеткен бе екенсің?
Қорқыт-Ата, Асан қайғы сияқты,
Тағдырыңды тарих қып күй ақты.
Сол саз және ән мен биге айналып,
Жұмыр жерді теуіп жатқан сияқты.
Жалын жігер қалмай жасып, кұм болып,
Құйылғандай өксік болып, мұң болып.
Ыза буып сатырлата билейсің,
Дүние тегіс тыңдағандай жым болып.
Ән, биіңде өзек өртер жалын бар,
Сол саздарда жүрегің бар, жаның бар.
Бар өмірің бәрі жолда өтеді —
Бұзылмайтын әдет-салтың, заңың бар.
Бұл дүниеден қалағаны еркіндік,
О, адамдар, кезбе көңілін таныңдар.
... Көкірегі о заманнан жаралы
Шерлі әнге зарлап цыган салады.
Бұлттай көшіп, қоңыраулатып, құйғытып,
Өтіп талай тауды, қала, даланы
Белдер асып цыган кетіп барады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу