Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
26.07.2022
137
Ақжарқынның бар тиегі тілінде...
Ақжарқынның бар тиегі тілінде,
Жүрер әр кез жазғы күндей күлімдеп.
Хас шешендер оймен жүзіп білімге,
Жалғыз сөзбен тастар жауын тілімдеп.
Томырықтар тұнжырайды түнеріп,
Мезі болса, сарт етеді қақпандай.
Кей мінездер былжырамай бір суытып, бір еріп,
Бұрқатады, сақылдайды ақпандай.
Төбесінен жіберсек те жай тастап,
Ондай жандар төгіп-төгіп ашылар.
Көңіл кегін сатыр-сұтыр ойқастап,
Жауын болып, дауыл болып басылар.
Сабырлылар берер тізгін төзімге,
Көңілінде жатар сөзі бұлқынып.
Қорғасындай балқыса да сезімге,
Жанарында жүреді екен сыр тұнып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter