Өлеңдер ✍️
НӨСЕР КҮНІ
Жел жұлқып ағаш басын, төгіп нөсер,
Нажағай бұлтты айыра шатырлады.
Мезгілде сәулемменен мен кездесер,
Қап, мұның қарашы енді қатырғанын!
- Тоғызда, - деген еді, - мен келемін,
Көңілім сондықтан да мойыды ма?!
Түбінде жас қайыңның сенделемін,
Сорғалап суық тамшы мойыныма.
Көшенің түкпірінен қара көрсем,
Болар деп еркем осы елеңдеймін.
Деді ме: - Жаурап-жаурап бара берсін,
Кайда екен уәдесі келем дейтін?
Күдік-ай, көңіліме ат ойнаттың,
Қашырып дегбірімді дүркін-дүркін.
Жан еркем келе жатыр, қате ойлаппын,
Жадырап сала берді көңіл шіркін.
Қалқамды жүрегіме қысамын да,
Саялы мен бәйтерек панадаймын.
Сарыла күткен сәулем құшағымда,
Еңді мен жаурадым деп қарамаймын.
Түн ғажап. Сәулем, сейіл құрайықшы,
Мейлі, аспан селін төксін, күркіресін.
Жан ерке, кетпейікші, тұрайықшы,
Жаусыншы жібек жаңбыр, сіркіресін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter