Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
26.07.2022
242
ЖЕҢЕШЕМ
Қайран менің жеңешем,
Кімге болар теңесем?
Ағекемнің касында,
Барша бақыт басыңда,
Болғаныңды көріп ем,
Толғаныңды көріп ем,
Өз балаңдай көріп ең.
Ақ қайнаға ұлы деп,
Бар тәттіңді беріп ең.
Жылдар жылжып кетіпті,
Не жайсаңдар өтіпті.
Уақыт кімді аяған,
Сары інгендей сардиған
Сары кемпір етіпті.
Бәз біреуге мүмкін сен,
Жәй бір кемпір шығарсың.
Қадіріңді білмеген,
Қалай сені ұға алсын?!
Бағзы атақоныста,
Қалған сен бір бәйтерек.
Сен медеусің көңілге,
Сен болмасаң қайтер ек?!
Көз алдыма әкеліп,
Өткен өмір елесін,
Жайсаңдарды жоқтатпай,
Көшті бастап келесің.
Айналайын жеңешем,
Кімге болар теңесем?
Бабалардан бата алған,
Көшкендердің көзісің.
Құлағымнан кетпейтін.
Аналардың сөзісің.
Тәбәрік қып тастаған,
Нақ асылдың өзісің!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter