Өлеңдер ✍️

САЯСАТ
Белгілі Пәленұлы... залым еді!..
Қасқаның – шайтандығы қалың еді!..
Жалғанда қиянаты жаннан асып –
Талайдың көз жасына қалып еді!..
Бір күні Пәленұлы...Құлап түсті!..
Қонақ қып – туыстары ұзақ күтті...
«Құдайдан былай емен!» дейтін ерді –
Ауылдан оқшау жатқан қырат жұтты!..
«Жәмиғат!.. Пәленұлы – жақсы адам ба?..»
Деп біреу үш қайтара қақсағанда:
«Жақсы адам!..Жақсы адам!..» - деп шулады жұрт
Осындай баға беріп «қасқа» жанға!..
Жаманды қай қылығы көгертеді?..
Біздің жұрт саясатқа шебер, тегі!..
Біреуді өмірбақи сыбап жүріп –
Өлгенде: «Жақсы адам!..» - деп жөнелтеді...
Құдайға жазып пенде қағынады!..
Шындыққа молада да жарымады!..
Шайтанды – періште қып шығармай-ақ...
Үндемей қоя салса не қылады?..
Ағайын, боқтан – алтын іздемеші!..
«Жаманды – жақсыменен бір» демеші!..
Залымдар аңдап басып жүрсін десең –
Молада, ең болмаса үндемеші!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter