Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  249


Автор: Мырзатай Болат

АЛПЫСЫМНЫҢ АЛДЫНДА

Жыр жазғам елуімде «Елу» деген!..
Сонда бір, қайран жастық, сені іздегем!..
Жаратқан, бергеніңе – мың шүкірлік –
Әлі де «алжыған шал» дегізбеген!..
Бұйырса, күзде келем – алпысыма,
Әзірге көнбей жүрмін «талқысына».
Білмеймін, неге мені шұқылайды –
Сәл артық жүздің келдім жартысына!..
Қаңтардың биыл тағы сұсы қатты!..
Сол «иттің» аздап маған тісі батты...
Көшеде талтаң басып жүргізбейтін –
Пәлеге тұсаулы аттай ұшыратты!..
Жүрісім - әрі де емес, бері де емес...
Аяғым – бұрынғыдай берік емес!..
Кеткен бе ағаш болып бұл шіркінің –
Асылы Қалбайдікі*, менікі емес!..
Құласам – шамалыда тұра алмаймын...
Болмайды асыққанға – тыраңдаймын!..
Сондайда – көк аспанды жиі көрем!..
Әрине, аспан сырын ұға алмаймын!..
Ақындар жыр жазады аспансырап...
Қайтемін артық сөйлеп – астамсырап!..
Құс емен, ұшқыш емен – көкте нем бар?..
Арман жоқ жалпақ жерде жатсам сұлап!..
Кеттім бе, пәлсапалап сөзді бұрып,
Біреулер жатысыма тұр-ау күліп!..
«Шалдарға – жастығымда мен де күлгем!..»-
Деймін де, үстім қағып кетем тұрып!..
Алпысым – шүкірлігін білдіреді...
Жетпісті – көрген жоқпын, кім біледі!..
Сексен мен тоқсаныңды айта көрме –
Құрысын төсегімді бүлдіреді!..




Қалбай* - автордың ақын құрдасы Қалбай Әбдіраманов.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу