Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  568


Автор: Мырзатай Болат

ЕЛУ ДЕГЕН...

Әлме-жәлме жас қой бұл елу деген,
Оңай ма өзі елуге келу деген?..
Жаратқанның маңдайға жазғаны бар,
Жазғаны сол – салғанын көру деген...
Жастық қайда сүйетін сезімменен?..
Қайрат қайда шаршауың сезілмеген?..
Мінез біздің тентектеу қайда қалған –
Жүргізбейтін өзіңді жөніңменен...
Қыз қайда «сәулем» деген, «өзім» деген,
Сүйетін бар әлемді көзіңменен...
Атқан оқтай зымырап бара жатқан –
Осы ма, әлде жалғаншы- өмір деген!..
Бар ғой, бірақ ертеңге сену деген,
Көп қой әлі біздерде төзім деген!..
Елу – деген жайқалған бәйтерек-ау –
Жапырағы бойында, жел ілмеген.
Бос мақтанға еліріп, семірмеген,
Аға – жасқа жетіппіз «елім» деген!..
Тарпаң едік, бүгінде жорға болдық –
Сауырына су құйса төгілмеген!..
Жеріміз бар ма біздің жегілмеген?..
Сонда да өрекпиді көңіл-дөнен!..
Жігіттіктен әлі де дәмеміз бар,
Әлме-тәлме жас қой бұл елу деген!..
Елу деген!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу