Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  136


Автор: Оңайгүл Тұржан

ТАҒЫ ДА КАСПИЙ

Көкжиекке көгілдір шолпыңды іліп,
Сен қашасың денеңді толқын қылып.
Кемелер тұр кеңесіп айлағыңда,
Самал жел жүр жағада салқын күліп.
Шағала –
судағы құс төресі де,
Шомылады теңіздің денесіне.
Қайықтар жүр толқында шатқаяқтап,
Қатыса алмай кемелер кеңесіне.
Көк теңіз кемелерден сыр тыңдайды,
Кемелер кеңеседі құлқын жайлы.
Өзі жайлы айтпаққа ол да ұмтылды,
теңіздің су-су сөзін кім тыңдайды.
Су бетіне кешкі күн тұра қалар,
Сәулесі быт-шыт болып сына қалар.
Кетті алыстап теңізден мұнай іздеп,
Етігімен су кешкен мұнаралар.
Көк Каспий – түк түсінбес ақымағым,
Тереңіңе батам да отырамын.
Балықтарың қарайды пана тұтып,
бір қармаққа мен-дағы шатыламын.
Қармақты қақ бөлемін жұлып алып,
Дауыл кетер аулаққа ұлып алып.
Қырылса да өлмеген қазақ сынды,
Балықтар да, ойпыр-ай –
Ұлы халық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу