Өлеңдер ✍️
АЗАТТЫҚ
Үміт артып үміттерге Айдан ақ,
Үсіп кеткен ымырттарға тайғанап,
Желтоқсанның үстіменен жүгіріп,
Азаттықты жеңіп алдық Ай-Қанат.
Жеңдік! Бірақ... секілденіп төр өгей,
шаттық бізге келе қалмай телегей.
Қара жерім жансауғалап баратты,
Елім жатты төңкерілген кемедей.
Азаттығын танымаған қоғамдай,
Тұрдым, бәлкім, бостандыққа сене алмай.
Даламызға келгенменен жүріпті ол,
Санамыздың есігінен ене алмай.
Азаттығың жеткен кезде үдеріп,
Бәрі бірдей келмейді екен гүл өріп.
Жұдырықтар аңдиды екен алыстан,
Көрінбейтін саусақтарын жіберіп.
Бақталастар аз емес-ті іргемде,
Шындық жатты бұғып көңіл-түрмемде.
Өзге дін кеп алып кетті талайды,
Өз дініме тілім келмей жүргенде.
Азаттығым, сенің таңың атқанда,
Енді оларды сөз таба алман ақтарға.
Өзге тілге өріс болып кетті олар,
Қазағыма қазақ жетпей жатқанда.
Жамауымен алдарқатып шоқпыт-күн,
Тоқшылықтың келер сәтін көп күттім.
Кете жаздап, кете жаздап құрдымға,
Құлай жаздап қабіріне жоқтықтың.
Құлай жаздап... бірақ сенім қаны аунап,
әр қадамды, әр ізімді санауға ап,
тоз-тоз болған көйлегімнің ішінде,
Азаттығым келе жатты алаулап.
Көк Бөрімен кеткен көңіл тірі екен,
Мыңжылдықтар іздеп мені жүр екен.
Қалт-құлт етіп түрегеліп қарасам,
Бейбарыстың тұлғасында тұр екем.
Көз алдымда айқындалып ақ-қара,
Жұмбақ әлем жұдырығынан сақтана,
Мазарлардың мазасынан оянды,
Томирис қыз сақтап қалған Сақ-дала.
Бара жаттым күллі әлемдік төрге өрлей,
Күліп тұрдым өзіме жан теңгермей.
Жылап тұрдым Күлтегіннің алдында,
Қарсы алдымнан Қағба шыға келгендей.
Ұлы бабам – ұланғайыр киелі,
Қара жерде қалған ізі жүйелі.
Олар жазып кеткен ойдың салмағын,
Зорға ұстап тұр әріптердің сүйегі.
Ұлы бабам сөзін айтам бекемдей,
Сезімінің нәрі – бал мен шекердей.
Олар айтқан терең ойдың екпіні,
Жердің шарын домалатып кетердей.
Күлтегіндік ойдың шың-құз қиясы –
Тас-кітаптың кепкен жоқ тас-сиясы.
Тілім, ділім – солар жазып қалдырған,
Рухымның Консти-ту-циясы.
Тас-бабалар тас-көйлегі желбіреп,
Азаттыққа бір керемет берді леп.
Қуаныштың моншақ жасы қарап тұр,
Көкбөрінің көздерінен мөлдіреп.
Ғұламасыз жаһан да тұл, тал да тұл,
Ұлы Абайдың ғаламына кел батыл.
Ойларында орман жатыр Абайдың,
Сөз бен сөздің арасында ел жатыр.
Бізді іздейтін дос көбейді жүздеп кеп,
Көңіл бірақ жүз қуарды, жүз көктеп.
Түсімізге енді Сәкен, Мағжандар,
Өздерінің бейіттерін іздеп кеп.
Іздеп кеттім, жылдар алдан ашылып,
Ғасырларды шарлап жүрді жас үміт.
Талайларды сақтап кепті бұл күнге,
Жусандарым жүрегіне жасырып.
Бұлт ішінен шыққан біз бір – Бала-Шың,
Бала-Шыңды қорғай көрші, Алаш-үн.
Астананы Бәйтерекпен бойлатып,
Сарыарқаның хан көтердік даласын.
КарЛаг жақтан қасіреттің иті ұлып,
Көктемдері мәні кетіп, күй тынып,
өр қазақты қан қақсатқан кеше бұл –
үрейлердің қонған жері үй тігіп.
Сол үрейдің орнын бүгін гүл еттім,
Құрбан болған боздақтарды жыр еттім.
Құлдық ойдан қашып шыққан санамды,
Қобыланды жырына әкеп түнеттім.
Сарыарқаның сал желген бұл даласы –
Бүгінгі күн бара қазақтың Анасы.
Қандай алыс Ақмола мен кешегі,
дәл бүгінгі Астананың арасы.
Жамбыл-жырдың өрлігімен алап-қыр,
Бозоқтардың мыңжылдығын санап тұр.
Зәулім үйлер заңғар-заңғар ойлармен,
Жер шарының төбесінен қарап тұр.
Сенің еншің мына тау мен мына жер,
Еншісімен шыңдалар деп қыран ер,
бапталсын деп бұл Қазағым бәйгеде,
әлі шауып бара жатыр Құлагер.
Жастар өсті арманының түсі аппақ,
Кете алмастай оны ешкімнің мысы аттап.
Келбетінде жалындап тұр жас жігер,
Махамбеттің жырларына ұсап қап.
Қыздарым бар қара шашты, ақмаңдай,
Жанарынан жаныңа нұр шашқандай.
Сұлулығы Қыз Жібек пен Баянның
сұлулығын қосқандай.
Азаттықтың мұхит-мұхит аумағы,
Қазақ деген елмен қайта лаулады.
Жер шарының ендігінен енді де ол,
Бойлығының тауларын да баурады.
Құлдық ойды талқан етіп үміт-ой,
Теңдік келді сәні бөлек, үні – той.
Сөйлемдердің көшесінде Азаттық,
Санамдағы сахнада ұлы той.
Астанадан дүнияға тарап таң,
Ұлы армандар, сен де енді қанаттан.
Уысымыздан шығармаспыз енді біз,
Азаттықтан енді айырма, Жаратқан!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter