Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  398


Автор: Оңайгүл Тұржан

ЖАҺАНДАНУ

Жаhандану ақылды да, жүйрiк те,
Қаша алмадық,көнбiс ойды кидiк те.
Өлеңдегi әрiптерiм таңқалды,
Цифрлардың қолындағы билiкке.
Сапырылысты үмiт, күдiк оттары,
Кейбiреулер жалқау күнiн жоқтады.
Теңiз отыр басқа жаққа көшем деп,
Кейбiр өзен демалам деп тоқтады.
Жаhандану бiреулерге ұнап тұр,
Қандай өзi, қай жақта деп сұрап тұр.
Жаhандана алмайтұғын сағыныш,
Сөйлемдердiң көшесiнде жылап тұр.
Жаhандану, сұсты сенiң есiмiң,
Сен боп сөйлер қала, сана, бесiк үн.
Көшелер де жасыл шаммен жол бердi,
Таулар ғана тарс жапты есiгiн.
Таулар ғана өзгерiссiз қалып тұр,
Жаhандану Менi, Сенi бағып тұр.
Кеше олар көршiлерге келген-дi,
Бүгiн менiң есiгiмдi қағып тұр.
Қаға берер, түнiменен өшпейдi үн,
Қолында оның – шексiз Аспан, төскей Күн.
Ашайын десем, жұтылам ба деп қорқам,
Ашпайын десем, тау емеспiн.
Не iстеймiн?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу