Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  184


Автор: Рахат Қосбармақ

ӨРКЕНИЕТТІҢ АДАСУЫ

Адам-Ата Сафи – Хауа Ананың
Ұрпақтары,
Уақыттың тап амалын!
Мұндар шайтан,
Мұратыңа жеттің бе,
Қабыл орған кезде Абыл тамағын?!
Сайқал малғұн,
Сақылдап сен күлгенде,
Жалбарыну-үнге толды жанарым.
Жаратқанның құпиясын іздеумен
Тар дүниеде тасқа тиді талабым.
Танымымды тариқаттар талқандап,
Таусылды ақыр айла менен амалым.
Мен түгілі,
Ашық күнде алжыды
Талай «мықтың» тарс айырып талағын.
Дауылпаздай даңқы барлар дағдарды,
Даңғыра қып домбыраның шанағын.
Қайыры жоқ қақтығысы діндердің
Қанмен жуды қара жердің алабын.
Білсең, айтшы,
Бір Аллаға бастайтын
Хақ Исламның жолы қайсы, қарағым?!
Ізгілікті іздеп жүрек, талпынды,
Шаңырақтан ұшып шығып, шарқ ұрды.
Жарға жықты жанталасқан байғұсты
Жаулап алып жалған ілім-жалқынды.
Маңдайына мөр ғып басып табрасын,
Маңыраған мал сияқты халқымды;
Топырлатып торға әкеліп түсірді,
«Тот басатын темір ғой» деп алтынды.
Алқа-қотан былғақтатып бастарын,
Аузынан ақ көбік шашып, алқынды.
Экстазға кіргізіп ап жаныңды,
Эксперимент жасап жатыр сан түрлі.
Дәметкенім «дәм босынды» қуалап,
Алаяқтың соңына еріп, ант ұрды.
«Алла – біреу.
Апаратын ал оған, -
Адастырды: - жолдар көп, - деп, - әртүрлі».

Кімге сенем?!
Айтшы, сонда кімге мен?!
Қара су да ақпайды ма жүлгемен?!
Жүйесі бар, киесі бар ел қайда,
Иесі бар мал да ойнамас пірменен!
«Шайқы», бақсы, «шарафатшы» көбейіп,
Шатыр-шұтыр басталды бір дүрбелең.
Балақтағы битің басқа секіріп,
Аяқтағы көншарық-құл «гүрлеген».
Орны оның босағада емес пе ед,
Орасаң да үлдеменен-бүлдемен?!
Күйек сақал күркесінде күңкілдер,
Күллі жұртты баурамақ боп жырменен.
Аға болмай, анда кіргір арам ит,
Айтшы маған,
Исматуллаң кім деген?!
«Тақсырым» деп қолын сүйіп, табынып,
Талайлардың таза көңілі кірлеген.
Қырғынға айдап қырылғырдың халқын бұл,
Қыртымасаң,
Қышиды ма бірдеңең?!
Жұттан шыққан жұпыныдай мүләйім
Жұртыңа осы «сыбағаң» ба сүрлеген?!
Сенімі жоқ адам ерте сөнеді,
Сенім деген – Темірқазық, себебі.
Сенімдерін ұрлатқан сол бейбақтар
Сергелдеңнің семіз үрпін емеді.
Сорлы халық сондайларға көнеді,
Көнбей көрші!
Оныңнан не өнеді?!
Қарсы шықсаң, қандендерше жабылып,
Қауып, тістеп, қолыңда олар өледі.
Жансыздарға жалдап болып өнері,
Арсыздарды ұлықтайды өлеңі.
Өздерімен кетсе жақсы өңшең ит,
Бабаңның да бар тарихын көмеді.
Балаңның да басын жұтып,
Аздырды
Жастарды да жаңа ашылған желегі.
Екі тесігіне ие бола алмай жүріп-ақ,
Елге ақыл үйреткісі келеді.
Керуенге кем ит болып үргендер,
Ақиқатқа артын ашып күлгендер.
Сендерге еріп, сеніп жүрген Кещенің
Шақша басын шарбағыма ілмеңдер!
Қайда барсаң – онда барың,
Қаптамай,
Маңқыстау – кең,
Маңайымнан жүрмеңдер!
Атақ пенен мансап үшін ар сатып,
Анасының етегін де түргендер.
Аттап өтіп әруақтың үстінен,
Абыз болғың келеді екен, мүрдемдер!
Сөздері үшін сүйген жұртын алдаумен
Өздері үшін ғана өмір сүргендер.
«Бір Алланы танытам» деп тантиды
Бүкіл елге бүлік салып жүргендер.
Осы жұрттың обалы да – сендерде,
О дүниеде сұрау болар,
«Бір» деңдер!
Қайран шалдар!..
Тілек тілеп шаршап ед –
«Алла мені иманыммен алса» деп.
«Дінім – ислам, тегім – түркі, кітабым –
Құран» деп біз жарты әлемге жар сап ек.
Жүрегіңмен жүгінетін құбылаға
Осы күнді ондаған жыл аңсап ек.
Амал қанша,
Қаңғытты ғой қауымды
Ахмадия, салафилар қанша рет.
Уаһабиші, нұршы, жыршы, қыршы боп,
Аз қазақты адастырды малша кеп.
Одан қалды, сопысымақ сорлатты,
Оның қасында ойнап қалды «балшабек».
Исламнан безіп кетті көп қазақ,
«Иман деген сендер айтқан болса» деп.
Е, қазағым!
Енді неғып отырсың?!
Жалты сөнген жанары бар соқырсың.
Жарты миллион қандастарың жамырап,
Жатқа кеткен жартылай сен – кәпірсің.
Әншейінде әңгіме айтқыш батырсың,
Әлгілерге қалай төзіп жатырсың?!
Дедің бе әлде:
«Дем біткен күн көрермін –
Алла өзі алдына бір шақырсын».
Оған дейін Отаныңды от шалып,
Бесіктегі бейкүнә да шатылсын.
Шындықты айтқан бірен-саран біреулер
Абақтыға айдалсын да, атылсын...
...Сол болмай, не болар дейсің ақыры,
Соры қайнаған сен – бір міскін, пақырсың!
Бұдан асқан ақырзаман болмайды –
Ұшпа шыңның жиегіне жақынсың.
Заманақыр зарын айтқан ақынның
Запыран-жырын тоң-миыңа тоқырсың...
...Жалғасы ма?!
Жалғасын бұл өлеңнің
Жаның жетсе, о дүниеде оқырсың!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу