Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  592


Автор: Рахат Қосбармақ

ӨЛГІМ КЕЛЕДІ...

(Марқұм Ысан ағама)
Өлгім келеді, Аға,
О дүниені де бір көргім келеді, Аға.
Армандарымды ажалдың қанды тырнағына
Бергім келеді, Аға,
Ақ Сезімімді қара жерге көмгім келеді, Аға!
Атылып өлгім келеді , Аға,
Қимастарымның жанын қайғыға
Батырып өлгім келеді, Аға.
Асылып өлгім келеді, Аға,
Құпияларымды құмар көздер мен құлақ біткеннен
Жасырып өлгім келеді, Аға!
Былыққан көже, быт-шыт боп, миым
Шашылып өлгім өлгім келеді, Аға,
Темір-терсек пен техниканың табандарына
Басылып өлгім келеді, Аға.
Теңізге батып, тентіреп,
Тұншығып өлгім келеді, Аға,
Өлімге сондай ынтызар болып,
Құлшынып...
Өлгім келеді, Аға!
Адасып өлгім келеді, Аға,
Жер менен суға, жекенді нуға,
Ерегескенде елсіз бен қырға,
Тау асып өлгім келеді, Аға.
Аяқ астынан абайсыз өлгім келеді, Аға,
Бақытсыз, бақсыз...
Тағдырсыз және...
Талайсыз өлгім келеді, Аға!
Жынданып өлгім келеді, Аға,
Ақырет күні Алла Тағаланың алдына
Бір барып өлгім келеді, Аға.
Алладан жасырмағанымды
Адамнан жасырып
Қайтемін, өлгім келеді, Аға,
Әйтеуір өлгім келеді, Аға!
Ажалмен анық ақиқат дос боп,
Алаңсыз кеткім келеді, Аға,
Ешкім де білмей есімімді ақыр,
Хабарсыз кеткім келеді, Аға...
Басымдау болмай шықты ғой бағым,
Сорымнан, Аға,
Жаратқан Ием пендесіне адал өлімді
Тегін бермейді,
Жеме-жемге келгенде қолымнан, Аға,
Өлу келмейді!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу