Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  130


Автор: Төлеген Жанғалиев

Ақсақалға ақыл

Түнді түріп қабаққа,
Күн шығады заматта.
Күрмеу бермей зу етер,
Күндік өмір таң атса.
Ай асығып ол батар,
Жұлдыз ағып ол қашар.
Біреуі жоқ қолдасар,
Зарла,зарла,зарла, шал!
Атқарғаның – артыңда,
Аттанбағың – қарсыңда.
Алла жазған ғұмырды,
Тақап қалдың таусуға!
Оң жағыңда - обалың,
Сол жағыңда – сауабың.
Жүрексініп өлшейді,
Жүрек деген таразың!
Бір аяғың жерде тұр,
Бір аяғың – көрде тұр.
Алтын көрсе азатын
Періште де пендешіл!
Азған кезің аз ба еді,
Тозған жерің бар ма еді


Мойныңа ал барлығын,
Молда құсап сәлделі.
Қанша қызды ұнаттың,
Қанша қызды жылаттың.
Умаждалып жата қал,
Уысында ұяттың.
Әңкір-мүңкір сұрағын,
Естімесін құлағың.
Мылқау болып көрдің ғой,
Тіршіліктің жұмағын!
Көзің түкті көрмесін,
Жеп болса да жер бетін.
Тілің қалсын тістеліп,
Саусақтарың сөйлесін!
Алла өзі о бастан,
Жарымжан ғып жаратқан.
Адамдарды құтқарып,
Алады екен тозақтан.
Жарымжаннан неңіз кем,
Жалған өткен өмірден.
«Жетім қалдым» дей қоймас,
Жер де сізден жерінген...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу