Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  91


Автор: Төлеген Жанғалиев

Жаз дейсің-ау...

Жаз дейсің-ау, немді жазам,
Санамда ой сандыраған,
Халқым анау қан жылаған,
Басыма кеп үйілгендей,
Басқадағы барлық алаң.
Жаз дейсің-ау, немді жазам!
Көз көргенді жазайын ба?
Араз болып ағайынға.
Шерміш қарын шенеуліктің,
Шемішкесі болайын ба?
Сергек көңіл сезіп отыр,
Нойыс қоғам нобайын да!
Естігенді жырлайын ба,
Өсек-аяң тыңдайын ба?
Жақсылықтың шиі шығар,
Жазсаң-дағы кім жайында.
Жамандыққа жан шыдамас,
Жабысқанда қыл мойынға.
Жаз дейсің-ау, немді жазам,
Жазатын күн болды қараң.
Қар бүріккен қабақтарда,
Жаз көңілім жаудыраған.
Қаңбақ құрлы салмағы жоқ,
Қайратым да қалжыраған.
Жаз дейсің-ау, немді жазам.
Жалғандықты жазсам ба екен,
Жағымсаққа жақсам ба екен?
Қыңыр жүрек бір баспайды,
Құр өтірік мақтан десем!
Мақтап таққа отырармын,
Бірақ елдік тақтан кетем.
Жаз дейсің-ау, немді жазам,
Тауан қайтып, тау құлаған.
Түн де жұтты дауысымды,
Түк те шықпас бәрібір одан.
Өшкен жүрек өңешінде,
Өлді өлең, өлді қалам,
Жаз дейсің-ау, немді жазам...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу