Өлеңдер ✍️
Қыжыл
Найман да емес, Тобықты, Арғын да емен,
Ата-текті сұраса болдым керең.
Ұлы Абайдың елінің баласымын,
Уысынан шықпайтын айбынды өлең.
Ру деген ұғым жоқ ақындарда,
Ұлтынан басқаға олар бас ұрған ба?
«Бірің – қазақ, бірің – дос бол» деді Абай,
Ата сөзін аттауға қақым бар ма?
Ділім ортақ, тілім бар, дінім аман,
Алла сөзін естимін құбыладан.
Көк тәңірін іздеген көкбөрідей,
Көкке қарап кей кезде ұлып алам.
Ұлысынан ұғатын бірін-бірі,
Ұлымаға бар мінез үйірлігі.
Ит адамға исініп не қылайын,
Итаяқтан аңдытқан жуындыны.
Тазылардан тазалық қалған қазір,
Түлкіні қуған да бір, алған да бір.
Маң төбеттер болмаса мал күзеткен,
Марқасқасы иттердің орманда жүр.
Соның бәрін көрем де көз жұмамын,
Топырақтай қатады тоң-құлағым.
Жақтамай-ақ қояйын Тобықтыны,
Жоқтамай-ақ қояйын – Арғын арын!
Бәрібір де бәріне жаға алмаспын,
Бәрімен де келеді амандасқым.
Ата жолын қуғансып, қулық сауған,
Ала қарға адамдар арам қатсын!
Қазақ деген халықтың еркін ұлы,
«Ермін» десе болады ел түбірі.
Көп иттер талап жатса «қыңқ» етпейтін,
Көк бөрінің мен де бір бөлтірігі
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter