Өлеңдер ✍️

  23.07.2022
  843


Автор: Аралбай Оңғарбекұлы‎

ҚАШАҒАНҒА МҰҢЫН ШАҒУЫ, ҚАШАҒАННЫҢ АРАЛБАЙДЫ ЖҰБАТУЫ


Аралбай ақын жалғыз ұлы Берекет өліп, қамығып отырғанда, үйіне замандасы Қашаған келеді. Бұл жайдан хабарсыз, көптен көріспеген
Қашаған:
–Лебізіңді сағындым, домбыраңды шалып жібер, – дейді. Сонда Аралбай Қашағанға мұңын ағытады:
 Қолыма алған домбыра,
Сен де өзімдей аңыра,
Ажал құрық салған күн,
Қаларсың сен де әдірә.
Кешегі өткен он жасым,
Он жасымнан бері қарай,
Домбыра болды жолдасым.
Он бес жасқа келгенде,
Құрбының көрдім құрмасын,
Ағаның көрдім ордасын.
Баяны жоқ сұм жалған
Байқадым қолда тұрмасын.
Әй, Қашеке, Қашеке,
Шаттанып жүрген күнімде
Домбыра қолға алғанмын,
Оңды-солды шалғанмын.
Қатепті қара нар едім,
Артуын таппай мертіліп,
Мен базардан қалғанмын.
Тіккен туым жығылған,
Көкірегім қайғы-арман, мұң.
Аяғы сынған арбамын,
Қанаты сынған қарғамын.
Тұяғы сынған тұлпармын,
Қанаты сынған сұңқармын.
Осындай жайға кез болдым,
Өздеріңдей ағаны
Келген күні Тәңір айдап
Бір көруге іңкәрмін.
Замандас ағам Қашеке,
Мен – қанаты сынған қаршыға
Қанатынан айрылса,
Қаршыға түсер шаршыға.
Қашеке, өлең айт дедің,
Біздей ғарып-жартыға.
Қалмасын айтқан көңілің,
Бір-екі ауыз айтайын
Дүние-жалған зарпынан.
Көңілім шатты күнінде
Аралбай едім халқыма.
Бұйрықты күні біткенсін,
Әлдилеп сүйген жалғызым
 Қайрылмай кетті артына.
...Ойлап тұрсам, әуелден
Жаратылып шығыппыз
Лаухы менен Махфұздан
Шарапатты дәні шашылып,
Сылап-сипап өсірдім
Мамығын төсеп астына.
Мен – ботасы өлген боз мая
Тұлыбына келіп аңыраған.
Мен – бір жүрген ақ қиік,
Лағын түзде алдырып,
Орнына келіп маңыраған.
Мен – қартайған арыстан
Елсізде қалып ыңыранған.
Шеңберлі қара кемемін
Құрсауы босап қақыраған.
Мен – жапанға біткен бәйтерек
Жапырағы жерге төгілген.
Мен бір тұрған ақ сауыт
Әдірә қалып сөгілген.
Мен бір жүрген ақсұңқар
Көзінің жасы төгілген.
Қияға біткен терегім
Уақыты жетпей бүгілген.
Қадірлі аға Қашеке-ау,
Жалғызымнан айрылып,
Қанатымнан кайрылып,
Көңілім сөйтіп түңілген.
Сонда Қашаған Аралбайды жұбату жырын толғайды:
Замандасым, Аралбай,
Білмей қалдым балаңды-ай,
Тәукел Хаққа шүкір ет,
Аузыңа алма жаманды-ай.
Құдайым бізге тап қылды
Бұл сықылды заманды-ай.
Басқа түссе, амал жок,
Көтерер жүкті адамға-ай.
Бақилык жолға барғанда,
Жақсы мен жаман теңелер
Сираттың жолын қадамдай.
Мен сасып қалдым қапыда,
Біле алмай сөздің парқын-ай.
 Жылағанмен не пайда,
Қайырын берсін артына-ай.
Шайтаннан Құдай сақтағай,
Тамұқтың оты шарпымай.
Кәусардан шарап татқызғай,
Кең сарайға жаткызғай,
Мәңкүр-нәңкүр келгенде,
Жауабын тура айтқызғай.
Замандасым Аралбай,
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,
Қанаты бүтін сұңқар жоқ
Кей пендеде іні жоқ,
Інісіз жанның күні жоқ,
Кейбіреуде аға жоқ,
Ағасыз жанда жаға жоқ,
Кейбіреуде бала жоқ,
Болмаса перзент – шара жоқ.
Болаттан бекем бол деген,
Болдырмаға болмасқа.
Уәйім, қайғы жарамас
Сендей бір жанға, жолдасқа.
Ашу деген – көк бөрі,
Ақылың қорған тал болар
Тәуекел қайық, сал болар.
Ойлап кетсең, жеткізбес,
Түсіп кетсең, бойлатпас
Уәйім деген жар болар.
Ойлағанда, Аралбай,
Өмір бір дулы шәр болар.
Бұл өмірде нелер жоқ,
Біреу кем, біреу хан болар.
Басына қайғы түспеген
Менменге қайғы таң болар.
Ақыл деген қой болса,
Ашу деген көк бөрі,
Бөрі қойға жолықса,
Дүние киғаш шаң болар.
Сабыр етші, Аралбай,
Айы біткен айда өлер.
Күні біткен күнде өлер,
Тура құрық келген күн
Таңға жетпей, түнде өлер.
 Туралап өлім тап болса,
Жалғыздар емес, кім де өлер.
Өлімге қатты налиды
Кейбір де кейбір пенделер.
Басы сау, есен бай кісі
Өзі айтқаны жөн келер.
Орынды жерде сөйлесем,
Қызыл тілім дөңгелер.
Айтып-айтпай не керек,
Сені мен менің қасыма,
Даладан аңсап келгенде,
Алдымнан: "Атам келді!"-деп,
Күліп-ойнап кім келер?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу