КЕЗДЕСУ
(Сахналық қойылым)
Сахнаға бір қыз шығады. Жай естілген әуеннің ырғағымен билей басып иінағашпен әкеле жатқан суы бар.
Ортаға келіп, екі шелегін жерге қойып, жан – жағына наздана қарайды.
Шолпысын түзеп, бойын сәндейді.
Сахнаға Құндыз, Назым атты екі қыз шығады.
Құндыз:
Айсұлу, қайдан келесің? Мынауың не?( иінағашты нұсқайды)
Назым:
Қандай әдемі болып кеткенсің! Шашыңа не тағып алғансың?
Екі қыз Айсұлуды шыр айналдырып, қызықтайды.
Айсұлу:
Ім...м... Мен бүгін мүшел жасқа толдым, қыздар. Шашыма тағып алғаным -
шашбау. Білесіңдер ме, мұны әжем маған сақтап қойған екен. Өзінің бойжеткен қыз кезінде таққан шашбауы көрінеді. Ол кісіге де әжесі берген екен. Алтын мен күмістен араластырылып салынған өрнектері бар.
Қыздар:
- Шашбауы несі?
- Оны не үшін тағады?
- Бірінші рет көріп тұрмын.
Айсұлу:
Қыздар, біздің қазақ халқында баланың дүниеге келген күнінен бастап, ол ер жетіп, азамат болып, отау құрып, өз бетімен өмір сүріп кеткенше жасалатын әр түрлі салт – дәстүрлері, тағылым – танымдары бар. Мысалы, соның бір түрі – қыздарының шашына шолпы тағу.
Назым:
Қызық екен? Шолпыны не үшін тағады сонда?
Айсұлу:
Халқымыз балаларының әдемі, ақылды болып өсуіне қатты көңіл бөлген. Мысалы, қыздарының жүріс – тұрысы әдемі болуы үшін шаштарына шолпы таққан.
Құндыз:
Солай ма? Қане, жүріп қарашы, көрейік.
Айсұлу әдемі әуеннің ырғағымен әрі – бері жүреді. Шашына таққан шолпысының сыңғырлаған дыбысы әуенге қосылып,
қыздың жүріс – тұрысына одан сайын сүйкімді үйлесім бергендей.
Назым:
Қандай ғажап! Шынымен сылдырлайды екен!
Құндыз: Керемет екен!
Айсұлуды әрі – бері айналдыра қарап, біраз таңданып тұрады.
Назым:
Шашбауың керемет екен! Ал, мына ағашың не?
Құндыз:
Ой, қыздар, мен бұл ағашты музейден көргенмін. Сенде қайдан жүр бұл ағаш?
Айсұлу:
Жақсы, қыздар, мұны да айтайын. Біздің су алатын бұлағымыз үйден алыстау ғой. Екі шелек суды қолмен әкелсең, денең еңкіш тартып, тез шаршайсың.
Ал, мына иінағашпен әжем, одан кейін менің анам су тасыған екен. Иінағаш- пен су тасу – қыздардың бойын тік ұстауына ықпал етеді, еңбексүйгіштікке баулиды. Сөйтіп қыздардың бойы тіп – тік, сымбатты, мүсіні әдемі болып өсуіне иінағаштың үлкен әсері бар екен.
Назым:
Шынымен бе? Халқымыз қандай дана!
Құндыз:
Қандай қамқорлық! Біздің осыны білмеуіміз ұят екен! Назым, солай емес пе?
Назым:
Иә, солай! Осы заманда қыздар жүрістерін әдемі, мүсінін тік етеміз деп әр түрлі жаттығулар жасамай ма?
Құндыз:
Иә, иә!Әр түрлі жаттығулар жасап жатады. Ал, оны біздің ата – бабаларымыз әлдеқашан білген екен. Қандай көрегендік!
Айсұлу:
Иә, қыздар, өте дұрыс айтасыңдар!
Қазақ халқы сүйікті ұлдары мен қыздарын бәйтерекке, шынарға, жауқазынға теңесе, сұлулықты, нәзіктікті – аққуға, айға, күнге балаған.
Мысалы, менің атымды «айдай сұлу» болсын деп ырымдап Айсұлу деп әжем қойыпты.
Құндыз:
Ал, менің атымды «Жақсы қыз – жағадағы құндыз» деп, әрқашан құндыздай жарқырап жүрсін, өзінің бар болмысымен бағалы болсын деген тілекпен атам қойыпты.
Назым:
Айсұлу, дұрыс айтасың. Халқымыз ат қоюға аса мән берген. Мысалы, менің атымды да атам қойыпты. Қабанбай батырдың қызы Назым жауға шапқан
ержүрек болған екен. Мені де сондай өр мінезді, батыл, қайсар болып өссін дегені шығар.
Айсұлу:
Әне, көрдіңдер ме, қыздар! Қазақтың ырым – дәстүрінің жүрмейтін жері жоқ. Келешек ұрпақ біліп өссін деп бізге өсиет еткен ғой. Сондықтан өзіміздің салт
- дәстүрімізді біліп қана қоймай, үнемі насихаттап жүргеніміз абзал.
Құндыз:
Айсұлу, осы иінағашпен су тасу – мүсінді шынымен де түзетуге септігін тигізе ме?
Айсұлу:
Әрине, сен күнде жүрісімді, мүсінімді түзеймін деп, басыңа кітап қойып жаттығып жүрген жоқсың ба? Оның орнына иінағашпен су тасы... әрі еңбек, әрі..
Ал, қыздар, мен кеттім, апам күтіп қалды.
Иінағашқа шелектерін іліп, енді кетейін деп жатқанда,
қолында жүгені бар аптығып, екі иінінен дем алып Жолдас келеді.
Қыздар:
- Жолдас, не болды?
- Қайдан келесің асығып?
- Өңің қашып кетіпті ғой!
Жолдас:
Тайым басқа жылқыларға еріп, жайлауға кетіп қалыпты. Жоғалып кетер деп іздеп бара жатқан бойым еді. Өте асығыспын.
Құндыз:
Қамшыңды беліңе қыстырып алыпсың, түсіп қалмай ма?
Жолдас:
Жоқ қараған жолаушы осылай істейді.Біздің қазақ дана халық қой. Қамшының қалай тұрғанына қарап, көп нәрсе білуге болады.
Назым:
Сонда қалай?
Құндыз:
Қойшы – ей, не айтпақсың сонда?
Жолдас:
О – о, білмейді екенсіңдер ғой, айтайын онда.
Қыздар:
- Айтшы, айтшы...
- Тіпті қызықтырып жібердің ғой!
Жолдас:
Жарайды, онда. Асыққанмен болмас, аялдайын.
Біздің қазақтар көшпелі дәуірді бастан кешірген. Шөбі шүйгін жерлерге киіз үйін түйеге артып, көшіп – қонып жүрген. Ал, қамшылары қолдарынан түспеген. Өйткені қамшымен мал айдайды, әрі қару қылады. Қамшының қалай ілініп тұрғанына байланысты сол үйдің иесінің жағдайын білуге болады.
Қыздар:
- Е – Е...мынауың қызық әңгіме екен.
- Айта берші....
Жолдас:
Жақсы, шамам жеткенше айтайын.
Қазақ қамшыны төрге іліп қояды, өйткені ол ілініп тұрған жерге жаман нәрсе жоламайды деп есептеген.
- Егер қамшы керегеде немесе қабырғада төмен салбырап ілініп тұрса, онда сол үйдің иесінің өмірден өткендігінің белгісі.
- Ал үйдің азаматы аман болса, онда қамшыны қабырғаға ортасынан бүктеп іледі.
- Қамшыны белге қыстыру – мал қарағанның белгісі.
- Үйге келген жолаушы қамшыны босағаға жалауша сияқты қыстыра салса, «отырамын, шаруа жайымды айтамын» дегені.
Қыздар:
- Білмеуші едік, көп нәрсе үйрендік.
- Иә, иә... жалғастыра берші...
Жолдас:
Тағы бір қызық айтайын...
- Егер жолаушы қамшысын сықырлауық жанындағы кереге бастарына көлденең тастаса, ол сол үйдің қызына ғашық болғаны.
Қыздар:
Қойшы ей, мынауың тіпті тамаша екен!
Жолдас:
- Егер адам есік алдында тұрып, қамшысымен жерді үш рет ұрса, онда дау
– дамай басталады деген сөз. Ертеде қазақтардың арасында жер дауы, жесір дауы, мал дауы көп болған ғой.
Қыздар:
- Қызық екен.
Жолдас:
Сөйтіп тіл орнына қамшы сөйлеген. Түу, мені жолымнан қалдырдыңдар ғой.
- Егер адам қамшысын көлденең ұзынынан тастаса, бұл – келісемін, бір мәмлеге келемін деген белгі.
- Қазақта «қамшының сабы сынды» деген сөз бар.Оның мағынасы... Тарихтан бір әңгіме айтып берейін.
Ертеде Жиренше шешен үйде жоқта әйелі Қарашаш ауырып, қаза болыпты.
Жәнібек хан:
- Жиреншеге әйелінің өлгенін кім естіртеді? – дейді.
Уәзір:
- Біз естірте алмаймыз, - дейді.
- Жиреншеге әйелінің өлгенін біз естірте алмаспыз, өзіне – өзі естіртсін, ешқайсың сездіріп қоймаңдар, – дейді хан.
Жиренше шешен жолаушылап елге оралғанда, ханның үйіне түсіп, сәлемдесіп отырады. Хан Жиреншеге:
- Ау, шешенім, әкесі өлген қалай болады?
- Әкесі өлсе, асқар тауы құлағанмен бірдей болады.
- Шешесі өлген қалай болады?
- Ағар бұлағы суалғанмен бірдей болады.
- Ағасы өлген қалай болады?
- Оң қанаты қайырылғанман бірдей болады.
- Інісі өлген қалай болады?
- Сол қанаты қайрылғанмен бірдей болады.
- Апа – қарындасы өлген қалай болады?
- Ұзын өрісі қысқарғанмен бірдей болады.
- Әйелі өлген қалай болады?
- Аһ, менің Қарашашым өлген екен ғой? –депті Жиренше.
Ол күйініп, қамшысын таянғанда, қамшының сабы ортасынан шарт сынады.
Қыздар:
- Қаншама көп нәрсе білдік.
- Қазақ халқы ырымға өте бай екенін бүгін білдім.
- Рахмет саған, Жолдас.
- Біздің көзімізді аштың!
Жолдас:
Қой, мен кетейін. Көбірек бөгеліп қалдым.
Қыздар:
- Көп – көп рахмет!
- Тағы сәл кідірсеші!
Жолдас:
Жо – жоқ. Жолымнан қалмайын! Атам айтатын, егер қарлығаштар жер бауырлап ұшса, жаңбыр жауады деп, тайыма тезірек жетуім керек.
Кездескенше, қыздар!
Жолдас жүгіре жөнеледі. Қыздар қол бұлғап қала береді.
Қыздар да бір – бірімен қоштасып, шығып кетеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter