Сценарий: АЛТЫН КҮЗ МЕРЕКЕСІ
Зал іші күз мезгіліне сай безендірілген. Сахна пердесіне әртүрлі жапырақтар жапсырылып, айналаға көрік беріп тұр.
Төрге қойылған тақтарда – Күз Ханшасы және оның үш баласы: Қыркүйек,Қазан, Қараша отырады.
Қастарында қолына шиыршықталған хат –хабарлама ұстап тұрған хабаршы.
Сахнаның екі жағына қатысушыларға арнап орындықтар қойылған.
Хабаршы:
Бәріңе! Бәріңе!
Құлақ салып тыңдаңыздар! Бүгін Күз Ханшасы және оның балалары –
Қыркүйек,Қазан, Қараша бәріңізді күзгі бал кешіне шақырады! Ханшайымның бұйрығы бойынша барлық қонақтар ән айтып, би билеп, көтеріңкі көңілмен кешті тамаша өткізуі керек.
Қазір ортаға «Балауса» патшалығы сарайының ханзадалары мен ханшайымдары келіп тұр. Қарсы алайық!
Көңілді әуен ойналады. Балалар бір қыз бен бір ұлдан қол ұстасып залға кіріп, орындықтарға жайғасады. Олар орналасқан соң хабаршы алға шығады.
Хабаршы:
Шақыралық ізгі жанды, Келер сонда сәніміз.
Бірге өткізіп күзгі балды Қуаналық бәріміз!
Әуен ойналады. Осы кезде есік жақтан айқай– шу естіледі.
Балалар:
- Мұнда кіруге болмайды!
- Біз ойын – сауық өткізіп жатырмыз.
Күз Ханшасы орнынан тұрып, есік жаққа қарайды.
Күз Ханшасы:
Біздің мерекеміздің шырқын бұзуға кімнің батылы жетті екен? Кім бұл?
Хабаршы есік жаққа жүгіріп кетеді. Бірақ ішке кіруге рұқсат бермегеніне қарамастан, бір адам бірден ханшайымға қарай бет алады. Бұл бау –
бақшада құстарды үркітіп тұратын қарақшы еді.
Ол Күз Ханшасына жақындап келіп, оң қолын жүрек тұсына апарып, иіліп тағзым етеді.
Қарақшы:
Біздің Алтын Күз ханшамыз! Бір ауыз сөзім бар. Айтуға рұқсат етіңіз!
Қарақшы тағы да иіледі.
Күз Ханшасы:
Сен кімсің? Қайдан жүрсің? Қайда барасың? Күзгі балға алба – жұлба болып киініп келгенің не?
Қарақшы:
Мен әрқашан да осылай киінемін. Бақта да, далада да бәрі менен қорқады.
Хабаршы:
Күз ханшасына дұрыс жауап бер жұмбақтамай!
Осы кезде Қарақшы қалтасынан жапырақтан жасалған бет орамалымен көзінің жасын сүртіп, мұңайып қалады.
Қарақшы:
Мен ешқандай жалқау да, жұмыссыз да емеспін. Мен бау– бақшаның еңбекқор қорғаушысымын. Қыста да, жазда да дем алмай жұмыс жасаймын. Менің жалғыз досым бар. Ол – жел. Жел болса, билеймін, ешкімге тимеймін.Тамақ та жемеймін, ұйықтамаймын да. Куәлер де бар. Құстар, айтыңдаршы, мен сендерді бақшадан қуамын ғой, иә?
Құстар:
Қуасыз. Иә, қуасыз!
Қарақшы:
Өсімдік атаулы, айтыңдаршы! Мен сендерді қорғаймын ғой?
Өсімдіктер:
Бізді қорғаймын деген желеумен бағымызға көрік беріп , әдемі әуенімен сайрап тұрған бұлбұл атаулыны құрттыңыз емес пе?
Қарақшы үндемей мүләйімсіп қалады.
Күз Ханшасы:
Жарайды. Бәрі де түсінікті болды. Сен бұларға ренжіме. Біздің мерекемізге қатысып, қонағымыз бол! Отыр. Мүмкін біздерден үлгі –өнеге алып, өміріңізді өзгертерсіз.
Қарақшы басын иіп, құстар отырған жерге отырады.құстарға қарап: Кыш! Кыш! –деп қояды.
Қыркүйек (Күз ханшасына қарап):
Ардақты анамыз! Біз сіздің балаларыңыз, осы мерекеде өнерімізді көрсетіп, Сізді қуантқымыз келеді.
Күз Ханшасы:
Мерекені бастауды кешіктіріп алдық. Ендеше күзгі баллды ашық деп жариялаймын! Балаларым, өздерің бастаңдар!
Қыркүйек:
Мынау сөздің түйіні– Қою бұлтты жүздіріп, Үстімде жаз киімі, Әкелгем жоқ ызғырық.
Ей, жолаушым, келе кет, Ауқат ішіп әлденгін.
Жаңбырымды себелеп, Қуаң жерге нәр бердім.
Қыркүйек:
Мен енді ән орындап берейін!
«Күзгі жапырақтар» әні орындалады.
Күз Ханшасы:
Жарайсың,Қыркүйек! Әнің көңілді, жақсы екен! Ал, Қазан, сенің қандай өнерің бар?
Қазан:
Бұлттың түсі өзгеріп, Дер: сыздап тұр желінім. Орыңдаршы тез келіп, Жайқалып тұр егінім.
Шуды азайтты орман, көл, Түсті дәні беденің.
Таңым суық болғанмен, Түсте жаз боп кетемін.
Мен болсам керемет би билетемін.
«Жапырақтар» биі биленеді.
Күз Ханшасы:
Тамаша! Жарайсың, балам! Биің керемет екен!
Осы кезде құстардың шиқылдаған дыбысы шығады.
Күз Ханшасы:
Бұл жылы жаққа ұшып бара жатқан құстар даусы. Өзі сондай мұңды ғой!
Қазан:
Жоқ, бұл жылаған дауыс емес. Бұл туған жерлерін қимай, ұшып бара жатқан құстар үні.
Күз Ханшасы:
Құстар, сендер қайғырмаңдар! Көктем, жаз бойына ән салдыңдар. Сол әндеріңді тыңдайық. Ән айтыңдар!
Т. Молдағалиевтің сөзіне жазылған Н. Тілендиевтің
«Құстар әні» орындалады.
Күз Ханшасы:
Міне, жақсы болды. Енді, Қараша балам, сенің өнеріңді тамашалайық!
Қараша:
Өктемдігін байқатып, Күздің айы ақырғы.
Тал біткенді шайқалтып, Жапырақты сапырды.
Қатайды да жас шыбық, Бұлт бүркеді аспанды.
Қырдағы шөп морт сынып, Орман жалаңаштанды.
Қарақшы:
Ылықтырды қаншалық, Сабан тойлар – көп сауық. Келген құстар ән салып, Жылы жаққа кетті ауып.
Туһ, тоңып кеттім ғой. Өлеңіңнен ызғырық жел есіп тұр. Қайдағы боранды айтып, Күз ханшасының көңілін құлазытып жібердің ғой. Кештің көңілді өтуі үшін мен азғана көмектесіп жіберсем қайтеді?
Хабаршы:
Ол сенің қолыңнан қайдан келсін! Сен жұрттың көңілін мына түріңмен қайдан көтермексің?
Қарақшы:
Мен бәрін білемін. Менің қолымнан бәрі келеді.
Хабаршы:
Даурықпа!
Күз Ханшасы:
Таласпаңдар! Бүгін бәріңе де өз өнерлеріңді көрсетуге мүмкіндік бар. Қане, Қарақшы, не келеді қолыңнан? Қандай ойың бар?
Қарақшы:
Мына кешке қатысамын деп арнап келген қонақтарымыз балалар не дер екен? Олардың қолдарынан не келеді екен? Мен балаларға кезек беріп, солардың өнерлерін тамашаласақ па деп едім.
Күз Ханшасы:
Айтқаның болады, Қарақшы. Қане, енді балалардың өнерін тамашалайық!
Хабаршы:
Қане, балалар күзге арналған тақпақтарың бар ма?
Балалар:
- Иә, бар!
- Әдейі арнап тақпақ жаттап келдік.
- Тек Күз ханшасының рұқсатын күтіп тұр едік.
Хабаршы:
Ал, ендеше, бастаңдар! Күз ханшасы рұқсат берді.
1 – бала:
- – бала:
Бар бойында жүз белгі, Шайпау мінез, мұз демді. Ынтықтырып біздерді, Алтын түсті күз келді.
Сары масақтың мұрты шық, Неге тұнжыр әнші бақ.
Ағаштардан тұр түсіп, Жапырақтар тамшылап.
- – бала:
Кетті таудан, қырдан әр, Құс азайды ән салатын. Көкте жүзді тырналар, Марғау қағып қанатын.
- – бала:
Тауы – ызғарлы, орманы – ық, Желі – күпті, жері – сыз.
Қойнауына толған құт, Мақтан етем сені, Күз.
- – бала:
Күз әкелер бізге бақ, Күз – еңбектің дастаны.
Күз – молшылық, күз – жомарт, Күз – береке бастауы.
- – бала:
Еңбек күйін қыздырған, Мыңдаған ұлт, мың ұлыс. Күз – мереке, күз – жыр, ән, Күз – сабантой, күз – ырыс.
- – бала:
Жыр – тақырып білгенге, Тау, тас, орман, түз, тақыр.
Күз күйбеңдеп жүргенде, Қыр астында қыс жатыр.
- – бала:
Орып бердік, ал, қапта, Дегендей – ақ дән дайын! Кең егістік алқапта, Жүзіп жүр кіл комбайн.
- – бала:
- – бала:
Бұл алқаптың ерлері, Дала – еңбек төрі дер. Мақташының еңбегі, Күз айында көрінер.
Маусым осы – гүлі аз, Түн мерзімін ұзартты. Қыс – аға да, іні – жаз,
Бұл – ортаншы ұл Күз атты.
Күз Ханшасы:
Бәрекелді, балалар! Қандай тамаша! Бәрің де шетінен өнерлі екенсіңдер. Мен риза болдым.
Қарақшы:
Маған бір ой келді. мына ханзада мен ханшайымдардың қайсысы жылдам, епті екен, соны сынап көрсек қайтеді? Күз ханшасы, сіз қалай қарайсыз?
Күз Ханшасы:
Сынасақ, сынайық. Не істегің келіп тұр?
Қарақшы:
Балалармен ойын өткізсек деп едім.
«Қаппен жүгіру» ойыны өткізіледі.
Ойын аяқталған кезде Қарақшы жеңімпаз болған баланы
хабарлап, ойын нәтижесін жариялайды.
Күз ханшасы соңында орнынан тұрып ортаға келеді.
Күз Ханшасы:
Біз бүгін «Күзгі балл» мерекесін тойладық.Иә, балалар, мен әртүрлі болып өзгеріп отырамын. Кейде көңілсіз, кейде күндей жарқыраған ашық, кейде бұлтты болып, түнеріп тұрамын.
Бірақ мен бақыттымын. Себебі сендер менің сұлулығымды, тіпті ақкөңіл, аңғалдығымды, ақылдылығымды ұнатып қалыпсыздар. Сол үшін де мен қуанамын. Осы мерекеге қатысып, өнер көрсеткендеріңе рақмет айтамын.
Хабаршы:
Балалар, олай болса, Күз ханшасына арнаған әнімізді орындайық!
Балалар хормен «Күзде» әнін орындайды.
Сөзі: С.Баязитовтікі. Әні: К. Ыбрайұлынікі.
Қоңырау боп сылдырлап, Алақай – ау, күз жетті.
Қурап түскен гүл құрақ, Әсем жазды іздетті.
Жабырқасақ, жазды ойлап, Сәнді екен – ау сары күз.
Оқу оқып, доп ойнап, Мәз боп жүрміз бәріміз.
Тек тырналар тізбегі, Төбемізден өткенде. Қимай қалдық біз де оны, Тез орал деп көктемде.
Барлығы «Күзгі вальс» әуенімен вальс билейді.
Хабаршы:
Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Күз мерекесіне арналған кешіміз осымен аяқталды. Келесі күзде кездескенше!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter