Әңгімелер ✍️
УЛЫ УЫТ
Адалдық пен арамдық, Аңдысып келген қашаннан, Көлгірсіп кіріп жамандық,
Көздеп бір атар тасаңнан.
Институттағы топ кураторы топ ішінде ашық пікірталас өткізетінін хабарлады. Тақырыбы – «Достық пен махаббат»
-Негізгі баяндаманы кімге береміз, қане?
-Мәди!-деді бір дауыс.
-Фантомас!-деді екіншісі.
-Айдын!-деді тағы бір дауыс.
Осы есімдерді жұмыс блокнотына жазып алған жетекші пікірталас жоспарын, қандай қосымша сұрақтар қойылатынын, кімдер пікір айтатынын анықтап, шақыру қағазын жасауды старостаға тапсырды.
-Айдын, сен Мәди екеуіңе неше күн жетеді баяндама жазуға? Жазып, маған тапсыруларың керек. Мен соған қарап, қандай сұрақ қоямыз, кім қосымша пікір айтатынын анықтаймын,-деді Ғабит.
Мәкең Айдынға қарады.
-Ондай болмайды ғой, аға. Біз баяндаманы көрсетпеуіміз керек, қандай пікіріміз бар екенін алдын- ала жариялаудың не маңызы бар? Жасанды емес, шын пікірталас болғаны дұрыс қой.
-Мені өзгертіңізші, Ғабеке! Бір үйден бір кісі жетпей ме?-деп күлді Мәкең.
-Басыңа балға ұшып барады...
-Рас қой, екеумізді айтыстыру дұрыс емес. Жігіт көп қой бізде.
-Болмайды,-деді Ғабит,-оны кураторға өзің айт.
***
-Сақыш екі күннен бері төсектен тұрмай жатыр екен, сабаққа да бармапты,-деді Бәтес,-не істейміз? Жағдайын сұраймыз ба?
-Сен барып келші, мен қиын болармын оған. Бірақ, маған бірдеңе айттым дей көрме.
-Жарайды.
...Бәтесті көргенде Сақыш сүйеніш тапқандай, қуанды. Төсекке арқасын сүйеніп, тіктелейін деді.
-Келгенің жақсы болды ғой, не жаңалық? Ал,әңгіме айтшы,-Сақыштың «Айдынды көрдің бе? Не істеп жүр?» деп сұрағысы келіп тұр. Бірақ, өзін тежеп қалды.
-Күнделікті жағдай ғой, сабақ, үй.... Өзің дәрігерге бардың ба?
-Бармадым. Дәрігер не істей алсын бұл дертке... Осыдан тұрмасам да, жер тартып кетсе де болар еді мені.
Бәтестің денесі түршігіп, дір етті.
-Не болды соншама, жігіт емессің бе? Туысқаныңа көзің түсіп... Сенікі де дұрыс емес!
-Соны айтсайшы. Бұл көзді, бұл жүректі сондықтан да аямаймын. Докторға да көрсеткім келмейді. Өз жазасын тартсын, жатсын осылай.
-Сенің денең ғой ол, Сақыш!
-Жаныма азап берген денеден жаным ұшып кетіп, бөлек жү-жүруі-ін... қалаймын, Бәтес. Оқу да, өмір де, бәрі де қызық емес, керек емес.
-Қойшы, Сақыш!
-Ұмытайын деп ниеттенсем, бұрынғыдан да қатты іздеймін. «Туысқанбыз, ең жақын доспыз» деп жүрегімді көндіре алмай... қайта бес-бетер сағы-ын- ып... Енді, өлсе, өлсін мұндай тыңдамайтын жүрек,- даусы дірілдеп, жылап қалды,-Тұрмысқа шығып кетсе, күдерім үзілер ме еді, тезірек тойы болса-шы. Әйтеуір, сол бақытты болса екен.
-Енді, менен не көмек? Не тапсырма айтасың?
Айдынмен кездестірейін бе?
Сақыштың «Жоқ, ұмытуым қажет болған соң, көрмеуім керек» дегісі келіп еді, бірақ, ештеңе дей алмады.
-«Уды у қайтарады», тезірек қыз тауып ал,- деді.
Бәтестен жағдай есіткен Айдын бейнебір ауыртпалыққа өзі тап болғандай, жүрегі ауырды. Мектеп өміріндегі Сақышқа байланысты жағдайларды есіне түсіре бастады. Шынында, сабақ арасында,
қоғамдық жұмыстарда да ылғи қасынан көп табылады екен. Бойы өздерімен шамалас үш ұл бала болатын, қыздар олардың төбесінен соғып ойнап, «жазалайтын». Үштің бірі осы еді. Тағы не? Айдынға: «Құлағы ұзын қоян,ұстап алып, соям» деп, әзілдейтін.Тағы не істеуші еді? Ол қалайша осыншалық ұнатып қалды? Иә, айтпақшы, мақта теріміне шыққанда, қапшығын көтерісіп, мақтасын өткізетін-ді. Айдын ерекше есте қалған ештеңе де таба алмады.
…Фотостудияға барып, Бәтес үшеуі түскен суретті алды. Бүгін осыны апаруды шешті, себебі, оның сабаққа бармағанына, бөлмесінен шықпағанына қазірде екінші аптаға айналып барады.
-Сақышты бола ма? –деді бұл есікті ашқан жігітке.
-Кіріңіз.
-Жоқ, өзін айтыңызшы, «кластасың келді» деп.
-Ол орнынан тұрмағалы қаш-шан! Кіріңіз. Айдынды есітіп, ол кереуетін түзетіп, киінді.
-Кел, Айдын, үйге кір, - деп дауыстады ол іштен.
Ішке кіргенде...егер осы бөлмеге Сақышқа арнап келмей, көшеде кезіксе танымастай еді. Бірақ, Айдын оған мән бермеген сыңай танытты.
-Қалайсың?-деді қолын созып,- саған өткендегі суреттерді әкелдім.
-Айко, аздап отыра тұршы, жуынып келейін, а?
Шәй ішейік сосын...
-Шәйді бізден ішеміз, кел,-деп қыз шығып кетті.
«Не деген жүдеу кескін, жақ жүндері үрпиіп, шашы да кірлеп кеткен бе, тырнақтары... өсіп, көзі ұясына кіріп... Ең болмаса бір рет тамақ ішуіне сеп болғаным дұрыс. Бұл –өзін аямаған, жарық тіршіліктен безінген адамның кескіні ғой. Не болды осынша күйзеліске тап болатындай, ненің күні туды? Ғашық боп, естен танатындай менің не ерекшелігім бар екен сонша? Ақымақ! Ақымаққа не дауа өзі? Түк те артық ештеңем жоқ, тіпті жақсы дейтін де түгім жоқ – фигурам жоқ, қолаң шашым жоқ, қиылған қасым жоқ, бота көзім не пісте мұрыным жоқ. Сонда, менен не тапты бұл, түсінбеймін!» деп Сақышпен іштей «соғысып» жүргенінде шәй қайнап, картоп пісті.
Есік қағылды, бұл Сақыштың қағуы. Мәди де үш рет қаққанмен, ұрысы басқалау.
-Са-қыш! Келе бер!- деді іштен Айдын.
Бағанағыдай емес, жуынып-таранған, иіс су сепкен жігіт үйге кірді.
-Рұқсат па?
-Күтіп жүрміз,-деді Айдын бір өзі болса да көпше сөйлеп,-мен, шәй, нан, картоп, салат бәріміз сені, кешіріңіз, сізді күтіп жүрміз. Жоғары шық.
Екеуі әңгімелесіп, не болса соған әсіресе Сақыш күле берді.
-Қайда жоғалы-ып, суалы-ып кеттің? Өкпелеп
жүрсің бе біреумізге? Келіп тұрсайшы.
-Ауырып, мазам болмай...
-Тәуіп барын білмей қалдың ба, келмейсің бе емделуге.
-Шынында да емделіп, рахаттанып отырмын,- деп жымиған Сақыштың реңіне нұр жүгіргендей-ді.
-Сабақтан қалмасайшы, білім керек қой, мен
айтпай-ақ білесің. Жақсы,-деді Айдын қоштасарда.
-Иә, ертең барамын-ау. Жақсы.
Кластасын ұзатып салды да, Айдынның ой бұғауынан еркіндік алған жұдырықтай жүрегі езіліп қоя берді. Жетім баладай жәутеңдеп, жасқана қарайды екен-ау ол. Бүгін-ақ солай ма, әлде бұрын да осылай шарасыз күй кешетін бе еді, оны айыра алмады. Бірақ, Сақыштың сезім ауруын бүгін түсінді, өз жанымен оның әлеміне енді. Сақыш боп жыр жазды.
Қалай?
Екеуміз үшін көктегі күннің, Мейірін мәңгі төкпеуі қалай? Бақытқа толы көктемімнің, Бақилық болып өтпеуі қалай?
«Біз жан доспыз» деп жұбаттым, Жүрегімнің көнбеуі қалай?
Өзіңе деген махаббаттың,
Өшірмек болсам, өрлеуі қалай?
Асыл жанды қиялдасам, Өзіңнен өзге симасы қалай?
«Бақытты бол» деп күй арнасам, Басқаға тағы қимасым қалай?
Мұңайғанда көңілім сені, Көктеміндей аңсары қалай?
«Өтер-ау,-десем, - өмірім сенсіз»,
Жүректің біздей шаншары қалай?»
Қайсар да тентек бұл жүректің:
«Сүйгенім өзге жо-оқ!» дері қалай?
«Өмірде дара Сені жар еткін, Немесе жалғыз өт!» дері қалай?
Екі бетінен тамшылап аққан жасын саусағымен сүртіп, жаны сыздап отырғанда, бөлмеге Жанат пен Әсем келді.
-Не болды? Жылап отырсың ба?-деп қыздар үрке қосарланды. Жақын келіп, үстел үстіндегі параққа қараған Әсем:
-Ой, құдай-ай, өлең жазған екенсің ғой. Не деген қиын еді өлең деген? Құрысыншы, Айко, жылап-тозып кеткенше, жазбай-ақ қойшы осы өлең дегенді! Әйтпесем, анау көңілді, күлдіргі өлеңдерді не дейтін еді? Сықақ! Ә, сықақ па сондайды жаза салсайшы, қазір шәй ішіп, нервіңді баспасақ...
-Әсем, Төлеген не деген?
«Ақын болу –оңай деймісің, қарағым,
Аузында тұру сыздаған барлық жараның?!»-деп неге айтқан дейсің? Ақынмен өмір сүріп жатырмыз, оның таза, сезімтал болмысын біз түсініп,оған жағдай жасауымыздың өзі – бақыт! Мұндай бақыт әр маңдайға жазылмаған,-деп күлді Жанат,-Айко рұқсат берсе, мына өлеңді оқиық одан да.
Өлең оқылып, «Не деген, әһ! Фаризаның рухани сіңлісі!» деп қыздары қошемет айтты.
-Бізден сыр жасыруға болмайды, сыртқа шашпаймыз ғой. Мына өлең кімге арналған, а? Арманы жоқ қой осы адамның. Атын айтшы,-деп өтінді Әсем.
-Біреуге арналған ба, әлде біреудің жан жарасының қалай сыздағанын жазған ба? Арманы көп адамның жан айқайы шығар? Менің сұрағым – сол кісіге осы өлең таныс па? Жоқ, кейін болсын, айтыла ма? – Жанат сауал қойды.
-Жоқ, білмейді. Айтылмас... сірә.
***
«Достық және махаббат» тақырыбындағы диспутқа қатысу үшін 3-ші курстың түрлі мамандық топтары шақырылды. Ал, басқа келем деушілерге де есік ашық. Соңғы кездері Мәди мен Айдын жеке-дара баяндама
жазып, кездесулері сиреп жүрген. Диспутқа да екі күн уақыт қалды.
Айдын өз пікірін бекітетін әр түрлі цитаталар, тапқырлық пен шешендік, қанатты сөздерді іздестірді. Қарсы ұғымдар және қарсылықтың қаншалықты қуатын салыстырып, баяндамасын негіздеп те қойды.
Мұның пікірінше достық– жан-пида ұғымы, адамды қан туыстығынан басқа жан туыстығы біріктіреді. Қан туысыңмен, яғни туысқанмен өзара түсініс-түсініспе, бөліне алмайсың, қаның бір. Әйтеке би айтқандай:
Туыспау керек, туыстың екен–сөз қуыспау керек. Туысқанмен суыспау керек.
Туысқан - атам қазақ қыл арқанмен бірге шандығандар. Ал, қаны бөлек болса да, жаныңды түсінетін, жан туысың – досың. Одан да бөлінбейсің, өйткені – оның жан дүниесін түсінесің. Ұнамсыз қылығын, тіпті ұрлық-қарлығын не үшін жасағанын түсініп, оны кешіресің. Көмек қолыңды созасың.
«Шыны достық айрылмас, Шыны ғашық қосылмас.»
-деген атадан қалған сөз бар.Айдынның келіспейтін, келіскісі келмейтін бір тұсы – шын ғашық неге қосылмайды? Неге?!
Расында, тұман айықпаса, өсімдіктің өзегіне дейін тоңып, қайта көктемейді, жұт болады. Тұмау емделмесе, туберкулез – құрт болады. Дұрыс. Шын достық түсініскеннен айырылмайды, қылмыстың өзін
мұқтаждық не абайсыздық деп, жанын ұғады. Дұрыс. Ал, шын ғашықтың қосылмау себебі неде? Айдынды осы аталы сөз қинады. Аталар неге осылай түйіндеген?
Бұл қиын болса да шындықтың бетіне тура қарай алады, мойындай алады. Бірақ, аталы сөз рас болса, бұл Мәди екеуі айырылысуы тиісті ме, әлде өмірін қосу үшін көңілін шын қоспауға тиісті ме? Бұл не сөз?
«Шын ғашық қосылмайды» деп түйін жасаудың несі аталы сөз? Айдынның жылағысы келді. Бұл ұғымға келіспеді. Сонда, махаббат сезімінің барынан жоғы дұрыс болғаны ма?! Айдынның жаны жылады:
Құрт болар тұмау арты, бұл да дұрыс, Жұт болар тұман арты, өлсе шырыш. Шын ғашық қосылмайды айтшы неге? Шын достық айрылыспас, жаны туыс. Тірнектеп жиған гауһар – қазынаны, Топырақ теңгермей ме бір-ақ уыс.
Таң болған сұрағым бар бұл жаһанға, Шын ғашық неге симас бір шапанға? Азулы қасқырлар да жұптасады-ау, Мәпелеп күшіктерін бір апанда.
Расымен «жаным» дедің жанды қосып, Ал, қалай жүре алмаймыз бір сапарда?
Атадан неге сондай мұра қалған? Сол ұғым неге шын боп тұра қалған?
Өмірді жүрегіңмен жатқа арнасаң, Көздерің неге ашылмас жылағаннан? О дүние заңдылығын көргенім жоқ, Бұ дүние неге жұптан сұрақ алған?!
Ол өз сезімін ақ қағазға түсірді.
...Пікірталас хабарландыруының қапталына Айдын мынадай сұрақтар жазуды ұсынды:
-Достықтың белгісі қандай?
-Махаббаттың айғағы не?
-Достық пен махаббаттың шекарасы бар ма?
-Қыз бен жігіттің достығы мәңгілік бола ала ма?
-Сүйіспеншіліктен басқа махаббат бар ма? Болса, қайсы?
-«Дос жылатып айтады» деген қалай?
-«Шыны ғашық қосылмас» деген қалай?
-Досты таңдау керек пе, әлде тағдыр қоса ма?
-Махаббат – сұлулық па, мінез бе, адамгершілік пе, байлық па, білім бе, ақыл ма, қиял ма?
-«Аталардан қалған сөзге» қалай қарайсың?
...Диспутқа студенттер өте көп жиналды. Пікір білдіріп, жарыс сөзге шыққысы келетіндер де тізімге жазылуда.
Куратор Байтасов ағай Ғабит екеуі жиынды жүргізіп отыр. Алдымен Фантомас – Тастан цитаталармен, мысалдармен, психологиялық талдау –
қорытындымен баяндама оқып шықты. Куратор сұрақ қойды:
-Досты таңдау керек пе, әлде тағдыр қоса ма?
-Досты іздеу керек. Іздеу дегеніміз – жанды табиғаттың ішіндегі ең сана-сезімі дамыған жәндік – адамның рухани қажеттілігінен туындайтын жан ашаршылығы...
Студенттердің арасынан мырс-мырс күлкі байқалды. Өйткені, Фантомасты куратор тоқтатпаса, таспаға жазылғандай монотонды дауыстың тоқтар түрі жоқ-ты. Айдын шақырылды. Ол да он минуттық баяндамасын оқыды.Куратор бұған да бір сұрақ қойды.
-Шын ғашықтар қосылмайды дегенге қалай қарайсың?
-Келіспеймін, өйткені негізсіз.
-Айдын, атадан қалған мақал-мәтел, сөздердің дұрыс болмағаны ма?
-Бәрі емес, кейбіреуі ескірген ұғым шығар. Егер прогрессия болмаса, өмір бір орнында тұрып, даму, ілгерілеу болмас еді. Аға, өзіңіз де:
«Жаман ешкі сақалшыл,
Жаман адам мақалшыл» -дейсіз ғой.
Бәрі де, Байтасов та күлді.Мәдидің баяндамасынан соң куратор оған да сұрақ қойды.
-Мәди, қыз бен жігіт достығы мәңгілік бола ала ма?
-Жоқ, бола алмайды.
-Неге?!
-Өйткені, олар қосылып қояды... Бәрі ду күлді.
-Өй, сен сонда қыздармен достаспайсың ба, а?
Қиын екенсің онда...
Пікірталас тартысты, қызықты өтті. Сосын Ғабит, Ғайша, Мәди, Айдын,Коля, Тұрды, Жаңабек, Жігер –
бәрі «Солнечное» кафесіне демалуға барды. Пікірталас
тағы да жалғасты.
-Ой, Мәке-е, солай де!? Қыздармен ұзақ достасуға болмайды, олар не қосылады, не қоштасады. Міні, менің дәрісім дарыды саған,-деп рахаттанды Тұрды,- мәселен, мына қыздармен Жақаң екеуміз қалай достасамыз, айтыңдаршы? Қосылып қойсақ ше? Онда табиғаттың заңы деп қарап, айыптамаңдар! Осылай келісейік!- Тұрды хи-хи-хилап мәз болды.-Жеңдім мен!
-Тұрды, не деп... не айтып отырсың өзің? – Жаңабек пен Мәди әбіржіп кетті. Ғабекең мәз-мейрам.
-Е, солай қорытпадың ба әлгінде? Өзің солай дедің ғой, Мәке! Енді ренжімейсің! Жүрші, Айконь, билейік.
-Сенімен билемеймін.
-Қасқырдың сөзін айтасың, бұл қыздар саған қалай жақындасын! –деп Ғабит мәз.
-Мені қазір көрдіңдер ме? Сендерді өмірге дайындайтыным үшін қарыздарсыңдар бәрің. Айконь, кешірші, ақылдым менің! – ол Айдынмен вальс билеп жүр,-бүгін сенің жеңістеріңді жуып, ішейік. Рұқсат па?
-Сендердің десейші.
-Жоқ, тек сенің... жеңісің үшін, Айдын-ым-м...
-Менің қандай жеңісім бар?
-Бүгін екеуміз үлкен мәселені шешеміз. Жеңіске жетеміз, көресің ғой, жа-н-ы-ы...
-Не?! Сен қызып қалыпсың. Тұрды, ішпеші енді.
-Жоқ, ішуім керек. Бірақ сөзіме жауап беремін, еркекпін ғой мен. Айко, мен сені қатты жақсы көремін... Түсінесің бе? Сен ше?
-Мен де, оны бәріміз түсінеміз.
-Жо-оқ, бәрі демеші. Бәріне түкіргенім бар! Мен сені... бір сені... жақсы көремін. Тоқташы, оны мыналардың бәріне, бар әлемге айқайлап айтайын! Эу- у, достарым! –Тұрды бір қолын жоғары көтеріп, дауыстай сөйледі,-әлемде осындай қыз бар ма? Жо-оқ! Ол осы... бір-ақ қыз – Ай-конь! Бәрің.... бәр-рің... түгел естіп алыңдар – мен Айконы сүйемі-ін! – деді тербетіліп. Ол екінші қолымен қыз саусақтарын сығып ұстады.
Айдын не істеуді, не деуді білмеді. Жаңабек жылдам көтерілді де: «Біз де жақсы көреміз, Тұреке жүрші, екеуміз демалып келейік» деп сыртқа беттеді.
-Тұрды қайдан осыншалық ішті?!
-Соны білмей тұрмын мен де,-деді Мәди,-мұны ішкізбеу керек, есінен адасады екен бұл.
-Мінезі жеңіл ғой, бәсе, бағана «ішіп алған ба?» деген ой келіп еді, - деп Ғабит те аң-таң.
Троллейбуспен жатақханаға жетіп, курстастар тарасты.
-Тұрдының қызы кім?,-деді Айдын Мәдимен қоштасарда,-мен оны түсінбедім...
-Қызы да көп, басқасы да көп қой оның, өзі
аттарын шатастырады,-деп күлді Мәди, арақ оны алжытады екен. Ертең келеді ғой алдыңа иіліп, досың! Оған ренжімеші, Айко. Ал, жақсы демал!
Бірақ аздан соң Тұрды Айдынның есігін қақты.
-Айко-о, маған ренжі-дің бе?
-Сен ішкілікке үйір болмашы, жарай ма? Өтініш.
-Ма-құл-л! Тағы не өтініш? Айт-шы-ы, мен бәрін орындаймын-н. Аузыңнан не шықса-заң! Мен үшін сен... сен... бәрісің...
-Тұрды, бүгін демал, ертең де күн бар, жарай ма?
-Жо-оқ, мен бүгін мәселені шешемі-ін!
-Ертең шешесің, жүр, мен сені шығарып салайын,.
-Иә, сен осылай мені шығарып-ып сал, күтіп ал-л! Сонда, мен арманыма жет-те-мі-ін, Айко! Мен сені ешкім-мге бермей-мін. Мен тір-рі тұрсам, Мадимен де, басқамен де қосылмайсың. Не менікі боласың, не... немесе-е... менен өтіп-п боп барасың! Осыны ұм- мытпа!-деді ол сұқ қолын безеп.
-Не?! Не дей бересің сен бүгін? Ішсең, ақылыңды тауысасың ба? Демалшы сен. Ертең көремін мен сенің күшіңді,-деп Айдын кері бұрылды.
Тұрды тербетіліп біраз тұрды да, қызға қарай бір- екі қадам жасады.
-Ай-ко-о! Кешірші-і... өкпелемеш-ші...-деді.
Көңілі алай-дүлей Айдын таңды көз ілмей қарсы
алды. Оның есіне Мәдидің: «Ұл мен қыз ұзақ дос бола алмайды, олар қосылып қояды» деген сөзі, Тұрдының:
«Мен тірі тұрғанда сен тек менікі боласың! Осыны
естен шығарма!» дегендері удай қорқынышты, қауіпті сезілді. «Мына шыңырау ойдың баспалдағы қайда?
Жолы қайда? Тәтті өмірге жамандықтың уыты
жайылып бара ма расымен!? Мәдиге Тұрдының өмір пәлсапасы сіңіп бара жатқаны қалай?» Оқу залында бір өзі отырып өлең жазды.
Түбіне түскен білер сай тереңін,
Тау үшін қыл секілді-ау бәйтерегің. Қоңызға қоқыс керек, қыранға-аспан, Өмірден іздейді әркім қай керегін.
Әркімнің өз қолында болашағы, Сыған-қыз аярлықпен бал ашады. Аққулар айдынымен сұлу болса, Жыланға айыр тілі жарасады.
...Ұйқысыз тағы бір таң атты. Айдын кезекші
болмаса да бөлмесіндегілерге шәй қойып, дастархан даярлады. Сабаққа барар жолында оны Мәди мен
Тұрды күліп күтіп тұрды. «Арақ деген әзәзіл дейді. Сол
сайтан-азғынның тілі шығар Тұрдының түндегі әрекеттері?»
Айдынның түнгі қасіреті достарының жылылығы мен күн шұғыласында кеуіп, көрінбей кетті. Жауқазын сезім таң нұрына таранды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter