Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  98


Автор: Баян Тіленшина

Жүрек

Жыласаң жыла, жүрегім менің, егіліп,
Сөз еткен сені сөйлепті дейсің не біліп!
Мотор-ау жүрек маймылда, малда, басқада,
Адамда ғана жылайды жүрек, не күліп.
Тұрғанмен дәйім тірлікке мына тірек боп,
Сезімсіз болсаң, сүйе алмас едің жүрек боп,
Өмірге теліп, өзіңдей сеніп сүймесең,
Қалар ең сен де бойымда құнсыз бір ет боп.
Қайғырсаң налып, түсірдің әжім жүзіме,
жанымның жазын жеткізіп қара күзіне,
Жүйкемді жүндеп, ағарттың қара шашымды,
Таусылар нұрым жанардан жас боп үзіле.
Жүрегім менің, жанымның қожа, киесі,
Жұқарды жүйкем, сүйрелді аяқ... Сүйеші...
Пірімін Жердің, тірімін сенің арқаңда,
Өмір боп тұрып, өлімді неге сүйесің?!
Жыласаң жыла,өртенсін өксік түк қалмай,
Жарқ етіп күлші, жоқ болсын жасын сұқтанбай!
Бір шөкім етке айналып кетсең, амал жоқ,
Бар болсаң, жүрек, көтерші жүкті түк қалмай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу