Өлеңдер ✍️
О, ана, сен болмасаң, мен бармын ба?!
О, ана, сен болмасаң мен бармын ба?!
Ақжүніс арман қайда Ер Тарғынға?
Тамыры тіршіліктің жаным – анам,
Бір сені теңгермейді кенді алтын да!
Жүректен жүрегімді бөліп бердің,
Перзентті ер жеткізу-арман, сертің.
Мен үшін жер бетінің аруысың,
Биязы мінезіңе еліктермін.
О, ана, құдіретсің, құдіретсің,
Анасы бар адамдар шүкір етсін.
Қайғыға қайрат еткен нар жүрекпен,
Қалтырап, әлдиіңді үкілепсің.
О, ана, саф ауалы тынысымсың,
Тербеткен ай-алақан тынышымсың.
Бал бұлақ, жағаңдағы құрағыңмын,
Сыңғырлап күлкі шашқан күмісімсің.
О, ана, құдіретсің батыр тапқан,
Батырға бүкіл елін асыратқан.
Күлгенде нұр төгіліп жанарыңнан,
Түйілсең, қимылыңды бақылатқан.
Ұйқысыз уәйіммін саған кей түн,
Сонда да махаббатсың өзгермейтін.
Атыңнан айналайын Зылиха анам,
«Баяшкам, аппақ қозым, еркем!» дейтін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter