ЗИЯДА ӘПКЕМЕ
Көтеріп көңіл дауылын,
Көлдетіп көздің жауынын,
Қоштаспай кеттің арадан,
О дүниеге, бауырым.
Жаныңа пейіш болғай да,
Иті жоқ жаңа ауылың.
Дүние фәни жалған-ай,
Кімдерге опа болған-ай.
Бір туып, бір жүрмейтін,
Тіршілік заңы тар қалай?
Сапарда соңғы қоштаспай,
Бір арман іште қалғн-ай.
Сен жоқсың, орның ойылды,
Аласарттың бойымды.
Тойласақ өстіп болмай ма,
70 жылдық тойыңды.
Мәдинаңның қасына,
Құлпытасың қойылды.
Көтерген жүктің ауырын,
Анамдай болған бауырым.
Тіленші бидің әулеті,
Жоқтайды көңіл сауығын.
Ізің боп қалды Талғатың,
Дәулет пен Ұлық-тау ұлың.
Әр нәрсенің парқы бар,
Орныңды кім бар толтырар.
Бала мінез күлкіңнен,
Ақ көңілің жарқырар.
Өзіңді іздер Рабиғаң,
Шағала Зәурең шарқ ұрар.
Бітпейді-ай, әпке, жоқтауым,
Керек-ау, бірақ, тоқтауым.
Шашылып жүрсе сағыныш,
Сабыр мен ойға топтауым.
Рухың жүрсін жәннәтта,
Қол жайып тілер көп қауым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter