file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  142


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Кедей жүр бағым жанса бай болам деп...

Кедей жүр бағым жанса бай болам деп,
Байлар жүр Құдайға да сай болам деп,
Тұқым жоқ, тұқым болса, күтімі жоқ,
Жер үшін жаға жыртар байбалам көп.
Шамасы аз болса да егін сеппек,
Қазақты кім айтады еріншек деп?!
Қалтада ақшасы бар, басқасы бар,
Жеріңді игермей ме келімсек кеп.
Қара жер қазына ғой баға жетпес,
Жер үшін төккен терің текке кетпес.
Сол жерді ту-талақай қылғандарға
Қанша айқай салсаң-дағы, сөзің өтпес.
Менің де басылмайтын бар-ау шөлім,
Даламның ұлымын деп санаушы едім.
Саудагер бидай сатқан толып жатыр,
Алқаптың кім жұлады арам шөбін?!
Жайқалған гүлдері де, орманы да,
Жеміс пен жусаны да, қаңбағы да,
Жас күннен көзге жылы ұшырайтын
Жер – бізге бабамыздан қалған мұра.
Өмірдің құжынаған илеуіндей,
Тірліктің шеше алмайсың күрмеуін кей.
Қарағым!
Қара жерді жамандама,
Қадірін түсінбейсің көрге кірмей...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу