Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  98


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жолаушымыз ішінде бір кеменің...

Жолаушымыз ішінде бір кеменің,
Сауап болар көптің қамын жегенін.
Бірақ, менің миыма еш қонбайды
«Бар күнәні кешіреді!» – дегенің.
Садақаны көп бергендер күнәні
Шаяды деп айтушы да кінәлі.
Кей дүмшенің жасағаны көзбояу,
Айтқан сөзі өтірік болып шығады.
Кедей айтып тауысады қай мұңын,
Құрбан шалса, түгел жұмсар айлығын.
Таныстарын жинап алып, ас беріп,
Байпатшалар көрсетеді байлығын.
Тойындырсаң – көзіңді сал аштарға,
Қайырым қыл халі мүшкіл достарға.
Ас берсең де, «көп бердім» – деп сөз қылма,
Күнәлі деп айтып жатса, жасқанба.
Үстіңдегі көрпең жетсе басқа әрең,
Келер күннен үмітіңді тос дер ем.
Жуылмайды күнә деген аспенен,
Қуылмайды киім және ақшамен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу