Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  97


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Топқапы

Көркіне жұртты қаратқан
Сарайдың зәулім басты аты –
Қақпадан шыға оқ атқан
Топ ете қалған Топқапы.
Көңілін толып көл-көсір,
Тізеңді бүгер жер осы,
Жүреді жебеп пендесін
Пайғамбарымыздың киесі.
Өткенді кеткен алыстап
Бүгінге енді жалғайық,
Жатырмыз дұға бағыштап,
Құбылаға қарап қол жайып.
Алатын әсер жетеді,
Исламның туы желбіреп,
Жан-жүйең еріп кетеді,
Іші-бауырың елжіреп.
Тілегі қабыл адамның
Жүректен сырын ақтарған,
Киелі ғалайсаламның
Сақал мен мөрі сақталған.
Болса да қиын күн қандай,
Табанды басқын тасқа сәл,
Жап-жарық қылып тұрғандай
Төбеден төнген аспа шам.
Ыстамбұл ғажап жер екен,
Жол түсіп барып, қондың ба?
Дарыған ырыс-береке,
Алланың нұры бар мұнда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу