file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  147


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Тәуба

Адам боп баста жаралдым,
Анамды еміп, нәр алдым,
Жасадым жастан еңбек көп,
Байлықты жидым тірнектеп,
Ойнадым, күлдім, дем алдым,
Ішіне кіріп қамалдың,
Үлде мен бүлде орандым,
Кей кезде жолда тоналдым,
Ақырын күтіп амалдың,
Аузына түспей аранның,
Ойға да талай қамалдым,
Тәубаға тіреп ат басын,
Жаңылмай ашып қақпасын,
Салқыны есіп самалдың,
Аллаға қайтып оралдым.
Қадірін білмей тыйымның,
Қатардан қалмай киіндім,
Жемтікті көрсем, шүйілдім,
Шешуін тауып түйіннің,
Қызыққа батсам, сүйіндім,
Кездескен кезде бетпе-бет
Достарым қалса өкпелеп,
Шырайын бұзып жиынның,
Келмеді тіпті иілгім,
Арада жылдар өткен соң,
Алыстап жастық кеткен соң,
Кесірін тартып қиынның,
Қатемді біліп күйіндім,
Арамнан енді тыйылдым,
Аллаға ғана сыйындым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу