Өлеңдер ✍️
ТІЛІМ БАРДА, ДІНІМ БАРДА АЛЫППЫН
І.
Ел дегенде, неге қаным қызбайды?
Кейде үскірік... ірге жағым мұздайды.
Мың ой келіп, мидың ішін шимайлап,
Жүрек байғұс байыз таппай сыздайды.
Басымызда жеткілікті білім-бай,
Күніміз бен қайта туса бұрынғы ай!
Қарашадан ханға дейін халқымыз,
Қазақ болып сөйлеп тұрсақ бірыңғай!
Көрсем, шіркін сондай күнді тірімде,
Болады деп алданғым жоқ түбінде.
Мемлекет сайрап тұрса мен, мен деп,
Мерейі өсіп менің ана тілімде...
Тілмен бірге тірілер ед салтым да,
Айырбастап бере алмайтын алтынға.
Әдет-ғұрып үйлесімін тапса кеп,
Ұрпағына нұрлы жол боп қалпында!
Тілмен бірге тірілер ед дінім де,
Адасудан сақтап жарық күнім де.
Шамшырақтар көңіл төрін жайнатып,
Алауланып тұрар еді ділім де...
Тілмен бірге намысым да, сезім де,
Қайта туып қайратым мен төзім де,
Батылдық пен батырлығым шоқтанып,
Жанып тұрған болар еді көзім де!
ІІ.
Тіл – топырақ, тамыр жаяр құнарым,
Тіл – қайнарым, жасартатын бұлағым,
Тіл – оттегі, тіршілігім, тынысым,
Тіл – тірегім, теңдесі жоқ құралым.
Тілім үшін қанша жорық басып ек?
Қорымасақ қазынаның қасы көп.
Байлық, мәнсап, зәулім сарай не керек,
Тілсіз кеудең – тексіздігің,
Қасірет!!!
Келгеніңмен Марс, Юпитер, Ай барып,
Дағар-дағар сары алтын мен пайда алып.
Тілден безсең айрылғаның арыңнан,
Қара малға кеткенің ғой айналып!
Өз-өзімен білісуге құл үшін,
Сөйлесуге тілі керек, дұрысы.
Тілді шалып, құрбандыққа бармаймыз,
Жаһандану керегі жоқ, құрысын!
Шығып қалсаң шығандамай жарыстан,
Дәл сол жерде кездеседі жар ұшпаң.
Бес теңгеге татымайды беделің,
Даңқың өшер бес жүз жылдай алысқан.
Неге ердік бөгделерге бүлкілдеп?
Батқан кеме секілдіміз біртіндеп.
Зеңбіректен қаймықпаған қазаққа,
Енді бүгін таң қаламын, күлкім кеп.
Көп қараймын дөң басында молаға,
Өкініштің орны шіркін тола ма?
Жер иесі, ел иесі бар тұрып,
Тірі жүріп өлуіне бола ма?!
ІІІ.
«Жаман үйді қонақ билеп» киліккен,
Тік жүрсек те, ақырет-кебін кидік пе?
Екі көзім төрт болды ғой тесіліп,
Бір жақсылық болады деп биліктен.
Бұл күндері тепкідегі тілім – доп,
Езіледі тілім, тілім, тілім боп.
Бедірейген бетпағыңды бетінен
Қайырсаңшы тегі таза тірің кеп!..
Жаның бар ғой, үн қатсаңшы, тірің кеп,
Бірің жалшы, бірің малшы, бірің бек.
Көмейімнен түсер болды қызыл тіл,
Қатерлі ісік күннен-күнге іріңдеп.
Тілім кетсе – ақырзаман,
Жұрдаймыз!
Жапырақсыз, шірік ағаш, тырдаймыз.
Ажал жетпей өлмеу үшін біз байқұс,
Алла берген ана тілмен жырлаймыз.
Ана тілмен, ана тілмен барлығы...
Ана тілсіз адамдықтың дал-дұлы...
«Өз үнінен жаңылмасын өзегім!» –
Осы менің жүрегімнің жарлығы!
Жүрегімнің жарлығы осы – жарық күн,
Тілім барда, дінім барда алыппын.
Ақыныңмын, батыл үнім – тіл үшін,
Ұрпағымын қазақ деген халықтың!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter