Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
14.07.2022
98
Адам деп менің атым қойылғасын...
Адам деп менің атым қойылғасын,
Тұрады жүректе иман, ойымда шын.
Білемін, барлығынан биік тұрар,
Есімім Аллаһ берген жойылмасын.
«Басеке», «Төрағаны»... пенде қойған,
Шығарып жалау еткен желден, ойдан.
Әкімдік әңгімеге қазық болды,
Мақрұмбыз «Керқұла атты Кендебайдан»
Жүрмін-ау от ішінде жалаңдаған,
Өткізбек өктемдігін заман маған.
Тегімді ұмытпаймын, тергелемін,
Берілген аманат жан – ол Алладан.
Жан мен тән қосылады шекті күнге,
Кезеді Жер шары мен көкті бірге.
Соққанда соңғы сағат бөлінеміз,
Мың шүкір, топыраққа тептім ірге.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter