Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  97


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

Кідіретін, аялдайтын не қалды...

Кідіретін, аялдайтын не қалды,
Көктемімді өткен уақыт – сел алды.
Бәрі өзгеріп бара жатыр біртіндеп,
Өзгермеген жүрегім тек ең арлы.
Сиқырларға алдырмадым арбатып,
Содан келді басымдағы бар бақыт.
Жүрегіме жүгінемін сәт сайын,
Тұғырына хан көтерген Алла атын.
Арманыма бағдар еттім Алла атын,
Жасымадым, жарық па әлде алда түн
Сабырымды жолдас еттім жолыма,
Оза шауып шықпаса да алға атым.
Көзім жетті, көңіл сенді, ми мақұл,
Құп көрді де мадақтады құйма тіл.
Құлы болып жаралыппын Алланың,
Мендік жүрек Жаратқанды сүйді, ақыл.
Сүйдім, Раббым, ғашықтығым – дидарың,
Қандай рахат ақ нұрыңды құйғаның.
Екі әлемде жалғыз байлық жан сақтар –
Ием берген, иемденген Иманым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу