Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  100


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

ТУЫСҚАНҒА АЙТАР СӨЗ

Біз кімбіз?
Жетісуда желдей ескен,
Заманның қыспағында өлмей өскен.
Бір Аллаһ – сақтаушымыз,
Аталарым –
Ұрпағын жау қолына бермей көшкен.
Біз кімбіз?
Көшпендінің зәу – затымыз,
Отыңды ошақтағы лаулатыңыз!
Жетелеп ұрпағыңды ұлылыққа,
Әруағын аталардың аунатыңыз.
Біз кімбіз?
Ұрпағымыз Үйсіндердің,
Жат ниет ойлағандар исін белін.
Мекенім Тәңір тауы, Жетісуым,
Елдікке шек келтірген тыйсын демін!
Біз кімбіз?
Жолдас болдық арманменен,
Жандармыз жағаласқан жалғанменен.
Оқ атқан 16-ыншы жыл отаршыға,
Қызыл қан Қарқараға тамған-дер ем!
Біз кімбіз?
Мен отырмын сұрайын деп,
Бір кеңес өздеріңмен құрайын деп.
Хангелді, Жанқабылмыз, Жәмеңке, Ұзақ,
Абақ, Жәйнақ,
Ұраным Райымбек!..
Біз кімбіз?
От жалынға оранғамыз,
Кездесіп өмір өтті боранға мұз.
Тәуелсіз желбіреген көк Ту үшін,
Асығып ата жұртқа оралғамыз.
Біз кімбіз?
Адам деген – шын бетіміз,
Артылған парыз деген міндетіміз.
Құл болу Алла алдында ақ жолымыз,
Пайғамбар Мұхаммедтің үмбетіміз!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу