file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  118


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

ЦУНАМИ

Цунамидың толқыны жайпап өтті жеті елді,
Мол шығынмен бір тосын өз міндеті өтелді.
Үнді мұхит тулап бір адамзатқа ой салды,
Тұншықтырып деміне қатты-қатты жөтелді.
Таудай-таудай толқындар
топан болып тоғытты,
Өлген өшті, ал тірі күңіреніп қорықты.
Қабат-қабат үйлердің қабырғасы қақырап,
Кермек суы мұхиттың
шатырларға толыпты.
Құрлық бетін құрсады
арнасынан аунақшып,
Жан қайғы боп жасыды
ашкөз біткен жауласқыш.
Саясаттар салқындап, шекаралар сетілді,
Көмейіне құм толды жағы семіп дауласқыш.
Тасқын, дауыл, сілкініс,
құмырсқа мен шегіртке –
Жаратқаннан ескерту
құлға берген желікпе.
Он сегіз мың ғаламды бір қауызға сиғызған,
Көрінеді пендеге алуан ерекшелік те…
Білу керек күнәлі: Аллаһтың құлы біз едік,
Келу қажет иманға мынау пенде түзеліп.
Цунамидың толқыны
тоздырмасын десеңдер,
Айналайын ағайын, Алла алдында тізе бүк!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу