Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  82


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

МЕН АҢСАҒАН ПАТШАЛЫҚ

Кешегі мен бүгінгі, ертеңгінің,
Мақсаты – ұстау қолына ел теңдігін.
Өткізбесе болғаны күнін күпті –
Қияды деп қиналып желкемді кім?!
Жүрмесе тек жарар ед жәбірленіп,
Билік құрса бір егей жанында ерік,
Езілмесе еңсесі адамдардың,
Соғып тұрса жүрегі жалын керіп.
Бір-бірінен шөл басса мейірімнен,
Таза тұрса пенденің ойы кірден.
Ақсақалдың арманы орындалып,
Кездеспесе кейуана кейіп жүрген.
Байқалмаса өмірде қыңыр бары,
Осы еді ғой тілегім ғұмырдағы.
Болар еді аңсаған, баяғыдан,
Мен ойлаған Патшалық құрылғаны.
Қоғам тегіс толысса текті көпке,
Айналмаса күн көзі көк түнекке.
Ондай Хандық ордалы сарайда емес,
Қалыптасып, орнықса ет жүректе!
Оған барар жол қане, бастар сені?!
Алдырмайды асуы, асқар белі.
Телі менен тентектің былықтырған,
Даламызды тастаған ластап селі.
Бәрі, бәрі, бәрінен... болған мықты,
Ғарыштағы көтерген толған жүкті.
Құдіретті Аллаһты танысақ біз,
Құрып шығар едік-ау сол Хандықты.
Сол Хандықтың нұры бар «Иман» деген,
«Патшаң жалғыз –
бір Аллаһ! Илан» дер ем.
Екі әлемнің тізгінін тең ұстаған,
Аллаһтың айтқанынан сый бар ма ерен?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу