file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  146


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

БҰЛТТАН АРШЫП

Асып кеткен түйелідей құм белден,
Бұлдыр-бұлдыр күдер үздім күндерден.
Нарық бізді парықсыз қып жіберді,
Мынау пасық дүниені кім көрген?
Мүсәпір боп төмендейді хан басым,
Ғұмыр кешкен дәруіштеймін сан ғасыр.
Жабағыны жарға қамап тулатып,
Жылқышыдай басты уақыт таңбасын.
Өгіз мінген қойшыдайын тепеңдеп,
Демігемін кеңірдекке жөтел кеп...
Жалған дүние, қия алмаймын нұрыңды,
Сенен тағы кете алмаймын «кетем» – деп.
Маңайымда қалды нелер қимаған?
Ескі арбалар доңғалағы қираған...
Қайда шаттық жүректерге симаған?
Тоңайбатты, тоналды тән ибадан.
Жыртық шапан етегінен кеуле, жел,
Абай келсе арамызға, беу, не дер?!
Басын жерлеп баяғыда тастаған,
Қозғалыста қолапайсыз кеуделер...
Соңы қашан,
Татар дәм мен суымның?
Жүрегімді қоңырсытып қуырдым.
Өткір едім, тектің едім, сөгілдім,
Мезі болдым, сағым сынып, суындым.
Іздер жатыр тұяқ кесті шұбырын,
Бәрі мағлұм қыбырың да, жыбырың.
Жадағанда қуат берер мәңгілік,
Ес жиямын естіп иман сыбырын!
Айығамын арайлап нұр түскенде,
Байығамын көктем тұрмақ, қыспен де.
Арманымды бұлттан аршып аламын,
Аллаһ берген ақ кесені ішкенде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу