Өлеңдер ✍️
ҮЙСІН ОБАЛАРЫ
Біреудің ордасын біреу күйреткен,
Асау айғырлар адам денесін сүйреткен.
Дұспандық жеңіп сый кеткен,
Жауызға заман –
Жан иелерін билеткен.
Кешегі түнек түндерді,
Көрсетіп түгел үлгерді.
От шашқан үшкір найзаны,
Ғазиз жүрекке түйреткен.
Туған жер төсін тестіріп,
Қамырша жаншып, илеткен.
Қарманар қауқар күй кеткен,
Айрандай ағып ми кеткен.
Армандай болған жарық таң,
Күндерді уақыт танытқан.
Береке кетіп би, бектен,
Құбылып басар қыр кеткен.
Дүрілдей берген дүрмекпен,
Кесірлі жылды кешегі,
Осынау уақыт үйреткен.
Далада ызғар, азынап тұрған борасын,
Жолаушы жанға бұйыртпай қойған
жол асын,
Көктемге сала ақ сүйек еткен қорасын,
Үйсіндер өткен кешегі заман біздерге,
Тастапты сыйға, обиған өңшең моласын.
Даланың төсін шаңдатқан,
Мың қайғылардан әзерге туған бір мақтан.
Жүрекке түсіп, қоядай қатқан мұң-дақтан,
Буыным құрғыр қалтылдап зорға шыдайды,
Біздерге тастап жөнелген сондай салмақтан.
Білінер сынақ, білінер сұрақ одан әр,
Байланған шор-шор көз жасы
жердің соралар.
Мен өскен мекен менсінбей мені тұрғандай,
Өйткені, мені мазақтап тұр ғой обалар,
Өйткені, мені азаптап тұр ғой молалар...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter