file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  130


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

ОСЫ ЖОЛ

Ақиқатты талдап алған бастапқы,
Осы жолда қаншалаған бас кетті.
Әз аналар арманына жетпеген,
Боздақтарын жоқтап, қанша жас төкті.
Мейлі-мейлі, осы жолда шұғыла,
Дәл осы жол жеткізеді шыңыма.
Қос жанарым осы жолға тігілген,
Осы жолым – табынатын Қыбыла...
Қаһарым бар найзағайдай адуын,
Күн жүйесі менің жалғыз адымым.
Екі қолым әділеттің сынасы,
Қанды ауыздың айыратын ауызын.
Шаттық күнім қайғымменен көрші өткен,
Өмір қатал заңдылығын көрсеткен.
Мың жығылсам, мың тұрамын қан болып,
Бойда барды осы жолға енші еткем.
Сырғып жатқан қайрылмайды көп кеше,
Көп кешеден алынбаған кетті есе.
Ұйқы дұшпан меңдетер ед ұзаққа,
Күрес күндер басыма кеп теппесе.
Талпынады қиылмасқа қыршын жан,
Таңдар сайын ойлар туып бір тыңнан.
Осы жолда мен де көшіп келемін,
Бабалардың асып қонып жұртынан!
Осы жолдың бар тігілі, соқпағы,
Кідіруге уақытым жоқ тағы.
Мен жауымның бұза алмасам танауын,
Жайрататын маған даяр тоқпағы...
Ойға мұрсат, жанға тыным табылмай,
Тартып барам ертеңіме адымдай.
Орындасам арманымды деп келем,
Тәнім – денем жер бесікке таңылмай.
Осы жолмен жетемін деп келемін,
Осы жолда мен Аллаға сенемін.
Құлап кетсем арманымның соңында,
Осы жолдың жағасына көм, елім




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу