Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  156


Автор: Жасұлан СЕРІК

Ет жүрегің сол кеудеңе сыймас түк...

Ет жүрегің сол кеудеңе сыймас түк,
Талай дос боп, талайлармен сыйластық.
Жолығысу, көрісулер бір басқа,
Ең алғашқы кездесулер – қимастық.
Жүрегінде сүйген жанның сыры қап,
Ондай сәтті бастан кешкен шын ұғад.
Талай құшақ ашылады, сонда да,
Ең алғашқы кірген құшақ жылырақ.
Қажет емес сол кездегі бізді ақтау,
Астарында санаң сезер сыр жатты-ау.
Басқа жерде айтыла ма, білмедім,
Ең алғашқы «Жаным!» деуің қымбаттау.
Тұрғандай боп жалғыз өзің көк тіреп,
Шала мастық, ал көз алдың көк түнек.
Мың еріннің сауғаныңмен «желінін»,
Ең алғашқы сүйген ерін тәттірек.
Ия, әрине болып жатса көмегі,
Ғашық болу адамзатқа жөн еді.
«Уақыт – емші» деп айтады, өтірік,
Ең алғашқы махаббаттың жоқ емі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу