Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  139


Автор: Жасұлан СЕРІК

Мен өлген соң...

Сен өзіме пейіліңмен ұнадың,
Сезімімді селт еткізген шынарым.
Тым кеш ұқтым мына жалған дүние,
Қуаныш пен қайғы-мұңнан тұрарын.
Қалған жанмын зор қайғыға көміліп,
Алдап кеткен әу бастан-ақ мені үміт.
Көрген кезде мен өзіңді, елік қыз,
Есім кетті есуастай еліріп.
Сен дегенде айтылатын ән басқа,
Сен де мендей сезіміңді қорғашта.
Мына өзіңді құлай сүйген дәл мені,
Күлкіңменен алдандырсаң болмас па?
Жатқаным жоқ сені жырға қарық қып,
Көкірегіңді қойған Алла ғәріп қып.
Біле алмадым мына қысқа ғұмырда,
Махаббаттан жолым болмад, жарықтық.
Жә, жә, енді, мен де оған не етейін?
Өлім жайын неге ойлайды көкейім?
Өңімде емес түсімде-ақ мен сенің,
Бұрымыңнан иіскеп мәңгі өтейін.
...Сырларыма жайып салсам сенер кім?
Мен өзіңді бақытыма теңермін.
Бір күндері жынданатын шығармын,
Елесіне еріп жүріп өлеңнің.
Басқа басқа, соры қайнаған мен байғұс,
Махаббаттың уын ішіп өлермін.
Бағың бөлек, сорың бөлек сенің де,
Дүниеден озарым рас менің де.
Мен өлген соң тек өзіңнің уыс қып,
Бұрымыңнан кесіп ора кебінге.
Тіршілікте қол жетпеген құсымның,
Шашын иіскеп жатайыншы көрімде.
Мен туралы өзің қалай ойлайсың?
Өмір тәтті, қызығына тоймайсың.
Мен өлген соң балаңменен бір келіп,
Қабіріме бір шоқ гүлді қойғайсың.
Күліп тұрсын қақ төбеңнен күн-айың,
«Кеп тұр!», – демен зиратыма лайым.
Ең болмаса көктасымды сүйіп кет,
«Сүйген қызым келіп кетті басыма!», –
деп Алладан сүйіншімді сұрайын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу