Өлеңдер ✍️
Ұшығын шығарғандай бір ақпардың...
Ұшығын шығарғандай бір ақпардың,
Сіз жайлы мен де біраз сыр ақтардым.
Сөзіңіз сыбдыры ма тал-шыбықтың?
Күлкіңіз әні ме еді бұлақтардың?
Ұғасыз деп ойлаймын жүрек күйін,
Ендеше үмітімді жүдетпейін.
Кірпігіңіз қарлығаштың қанатындай,
Шашыңыз үлбірейді жібектейін.
Кең етек тәніңізге үйіліп бір,
Көйлегіңіз әдемі құйылып тұр.
Қызыл екен ерініңіз шиедейін,
Қастарыңыз қияқтай қиылып тұр.
Жігіттер шешім қылар қандай бекем?
Сіз жайлы талай сері ойлайды екен.
Ай нұры аймалаған ақ жүзіңіз,
Бір сүюге аңсаттырмай қоймайды екен.
Желік беріп жүрекке қиялдарым,
Өзіңізге жетелеп кей арманым.
Сырыңыз тұнып тұрған айнам көзді,
Кірпікпен жасыруға қия алмадым.
Келбетіңіз көрікті-ау! Қарай қалдым.
Қайырмасы өзіңіз арайлы әннің.
Сіздей жан табылар ма іздегенге?
Болдыңыз ба арманы талайлардың?
Айналған Баяндардың жалғасына,
Сіздей жан келмейді ғой жан басына.
Беу, дүние, сізді сүйген жігіттердің,
Орындалар арманы бар ма, сірә?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter