file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  152


Автор: Жасұлан СЕРІК

Біздің қоғам «алтын қоғам» десек те...

Біздің қоғам «алтын қоғам» десек те,
Барлық нәрсе сатылады ақшаға.
Содан өмір құрылады есепке,
Өркениет есігіңді қақса да.
Кім айтты екен төмендегі байламды,
Мүмкін ол да ақшасымен бағы асқан.
«Ақсүйек» деп атап жүрміз байларды,
Қу дүниеде қу сүйекке таласқан.
Жазығы жоқ солай деген ел кеше,
Тарих куә бүгін жеткен сазды үні.
«Қара сүйек» – кедей болды ендеше,
Бар кінәсі – байлығының аздығы.
Көрген жанды есін алып таң қылар,
Кереметі болары рас адамның.
Мың құбылтып айтқаныңмен дәл бұлар,
Өлшемі ғой өткен арғы заманның.
Бай дегенде шіренгендер елестеп,
Әр ісінің аяғынан құт аңдар.
Білесіз бе, алтыны аздар емес тек,
Нағыз кедей – рухани жұтаңдар.
Дегеніңмен келер істің бәрі алда,
Артта қалған есте дейсің қай күнің?
Жиғаныңмен емес біздің қоғамда,
Иманыңмен өлшенеді байлығың.
Мұнан кейін мен де біраз ойландым,
Сен де ойлан, алсаң жарар тағылым.
Кедей емес қатарынан байлардың,
Көрінуге жазсын бізді Тәңірім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу