Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  114


Автор: Жасұлан СЕРІК

Ертегі

Балалық кез аңғалдықпен дос қылған,
Ең төресі сол кез екен бақыттың.
«Бауырсақты құтқарам!», – деп қасқырдан,
Май шелпекті бір түн құшып жатыппын.
Ертегіге алданып қап сенімім,
Үлкендерге жақпай қалған пиғылым.
«Мақта қыздың марқайтам!», – деп көңілін,
Мысығымның кесіп аппын құйрығын.
Жыңғыл болған Шалқұйрығым үркер ме?
Мен, өйткені, қанық білгем қыр-сырын.
Ертөстік боп елерем деп үлкенге,
Талай рет бұзылыпты тұмсығым.
Таусоғардай тас арқалап көп күттім,
Қай жағымнан шабады екен дұшпан кеп?
Көрші үйдің кемпірінен қорқыппын,
«Ауызында бір тісі жоқ мыстан», – деп.
Тым ерке едім, кіргені рас кеш есім,
Сенімімді талай мәрте сенделттім.
Қарлығаштың қайтарам деп есесін,
Айдаһарды күтуменен ер жеттім.
Арманым да адастырар көп еді,
Жүрегімде қалып қойған таңба боп.
Тазша бала бола алмадым, себебі,
Өтірікті айта алмадым қанда жоқ.
...Алла берген басымдағы құтым нық,
Көрерім көп, сабақ болар өткенім.
Тауысуға жақын қалдым, шүкірлік,
Кеше келген он сегіздің көктемін.
Қиындықтар жолығады не түрлі,
Тәлкегіне салса тағдыр төзермін.
Мына өмір ертегісі секілді,
Бала кезде айтатұғын әжемнің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу