Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  630


Автор: Жасұлан СЕРІК

Сен кеткелі, әже, жанымнан...

Сен кеткелі, әже, жанымнан,
Жаулады жанды сансыз мұң.
Мейірімін ешкім төкпеді-ау,
Мейіріміңіздей дәл сіздің.
Әруағың разы болса екен,
Жоқтауға бердім сәл тізгін.
Қайтемін, әже-ау, ажалдың,
Алдында мен де әлсізбін.
Кездесіп енді атаммен,
Тілдесіп жатқан боларсың.
Бұрынғы балдай сәттердей,
Күн кешіп жатқан боларсың.
Қызыңды көріп аналық,
Күй кешіп жатқан боларсың.
Мейірімі нұрлы, әжем-ау,
Іздесең қайдан табарсың?
Құлыным деуші ең тым ерке,
Еркелік қалды-ау тым алыс.
Елестерің мен суреттер,
Жан дүниеме енді жұбаныш.
Боп алды қазір жүрегім,
Сәл нәрсеге де жылағыш.
Өзіңе жеткім келеді-ақ,
Жетер жол саған тым алыс.
Жаулады-ау жанды мұң-шерім,
Тоналып жатыр қуаныш.
«Ботам-ау, тыңдап ал!», – деп сен,
Сөз айтушы едің пайымды.
Қалай жеңемін мен енді,
Тас болып қатқан уайымды.
Ауылға барсам еске алам,
Қаймақтап құйған шайыңды.
Қуанышқа жаяр дастархан,
Қайғыға неге жайылды?
Жәудіретіп ажал ботасын,
Аруанасынан айырды.
Көктегі Алла деуші еді,
Мейірбан әрі қайырлы.
Жаныңды алған Тәңірім,
Жәннәттық етсін жайыңды!!!
Әумин!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу