Өлеңдер ✍️
Кешір, әке...
«Ұлым!», – деген сөзің енді естілмейді-ау, естілмес,
Өмір – жұмбақ, жауабын еш, әттең, құрғыр, шештірмес.
Сен кеткенде арамыздан сол жылы,
Бала екенмін ес білмес.
Бала көңіл әр нәрсеге алабұртып құмартқан,
Еш күдерін үзбейді ол үміт пенен мұраттан.
«Әкем қайда?», – деген кезде. Ал шешем,
«Ертең келер, құлыным!», – деп жұбатқан.
Солай десе санамдағы бұлты тарап күдіктің,
Арбауында жүріппін ғой ұзақ уақыт үміттің.
Мен әкемнің тек келмеске кеткенін,
Тоғыз жасқа келгенімде біліппін.
Тек өмірде мейіріміне әкешімнің құмарттым,
Кеш қалыппын, кеш болыпты бірақ тым.
«Келмейді әкең!», – деген кезде үлкендер,
Жүрегіммен жылаппын.
Сан құбылыс, сан мың арман елес болып көзіме,
Жатып аппын құлақ аспай шешем айтқан сөзіне.
«Өлімменен күресемін, жеңемін!», –
Деп осылай серт беріппін өзіме.
Тек соңына жете алмадым ойға алған ісімнің,
Сарқылатын кезі болар бойымдағы күшімнің.
Кешіректеу өмір менен өлімнің,
Қатар жүрер екендігін түсіндім.
Сөзімді айтсам шешім тауып нақтырақ,
Қам жемегін, ұлың енді екі аяққа нақ тұрад(ы).
Сен істеген жақсылықты өмірде,
Туысқандар айтып маған ұқтырад(ы).
Басқалардан мың есе артық, әке, сенің бағмың,
Мен несіне мұңаямын, қиналамын, наламын.
«Ұлың жаман!», – деп айтқызғың келмесе,
Дейтін шешем: «Әкеңе тарт, қарағым!».
Өлеңмен де, өмірмен де бауырымдай ұғысам,
Жүрегімде саған ғана арналатын жыр ұшан.
Ақтау үшін мен анамның үмітін,
Саған қарап ержетуге тырысам.
Уақыт неге аялдап-ақ алмайды екен бір демін,
Бұл өмірдің жалғандығын неге ертерек білмедім.
Амал қанша, сағынумен өзіңді,
Өте берер күндерім.
Көкіректе талықсыйды сая таппай бар үміт,
Қалыппыз ғой тағдырдың да дегеніне бағынып.
Арамыздан кеткеніңнің себебі:
Жүрсін деп пе ең сағынып?!
«Не күн кешіп жүр екен?», – деп ойлаймысың екеуі,
Әр нәрсенің болмайды ма аяғында өтемі.
Шешем менен мына мені өмірде,
Әруағыңмен жебеп жүрсең жетеді.
Бақыт таппақ бұл өмірден қиындықты жеңсе адам,
Бұл жалғаннан пенде болып менде келіп енші алам.
Кешір, әке!
Бұдан ерте, әттең-ай,
Жыр жазбаппын мен саған..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter