Өлеңдер ✍️
ҚАЙЫҢ КҮБІ
«Қымызды баянауылдықтарша бапта»
Ел аңызы
Қайда келсем көрдім мен қайың күбі.
Қымызға арнап жасапты дəйім мұны.
Ішіндегі қымызы ерекше тым,
Ағаштығы демесең айырымы!
Қымыз – астың абзалы ұстай білсе;
Дəл бабында ыдысын ыстай білсе.
Бабын таппай, қымызды бұзатындар
Жарар еді күнде бір құспай жүрсе!
Қымыз кіді, күтімін сəл ұмытсаң,
Дəмі өзгеріп қымызға түсер нұқсан.
Пісуі мен байқарың ыдысы оның,
Бағу жолын байыптап анық ұқсаң.
Бап ұстайтын үйлерде қымыз асын,
Бұрқыраған исіне қызығасың.
Жаман қымыз саздырып жүрегіңді,
Жүдеу тартып лезде бұзыласың,
Қандай жаман шақшиған ащы қымыз!
Ойламайды оны əсте бастығымыз.
Қашан болсын қалаға шалап тартып,
Татқызбай-ақ қойдық бір жақсы қымыз!
Жүзден бие сауамыз жыл сайын біз,
Бірақ жұртқа бермейміз бұзбай қымыз.
Алмайтын ек деп əркім ренжиді
Қымызыңның білгенде мұндайын біз!
Бабын тауып ұстаса қымыз асын,
Майы жүзген түріне қызығасың.
Жақсы ұстауға бар жағдай бар емес пе
Сол сықылды қазақтың қызық асын!
Əлі есімнен кетпейді қайың күбі,
Қымтаулы аузы, ысы бап – айырымы.
Қымызды біз қызықты болсын десек,
Есте неге тұтпаймыз дəйім мұны?!
Асыраған ел емес қазақ шарап,
Қарайтпаған жүрегін айран-шалап,
Қымыз болса – қызықты күнде думан,
Жазын жақсы өткізген тамашалап!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter