Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
12.07.2022
100
ӨЛЕҢ ӨЛКЕСІ
Отыз жыл арада өткенде
Оралдым тағы, Кереку.
Осынау байтақ өлкеңде
Ежелден тіккен өлең ту.
Ертісше ендеп шалқыған
Ақындар елі, əн елі.
Артына жылдар қалдырған
Секілді сен бір сəлемі!
Жағалай ұзақ қараймын
Жаңғыртқан жұртқа қайраңды.
Жанымды жырға ораймын
Көргендей Естай, Майраңды.
Жаңа үйлер əппақ шаңқыған
Жарасып жерге тұр сəні.
Секілді сонша шалқыған
Жарысып Майра, Иса əні.
Көзімді тігем қияңа,
Көңілге түйіп көп нəрсе.
Самсыған сонау ұяда
Сəбилер қызық əсіресе.
Талпынып тынбай құшақта
Созады қолын қайда олар?
Ұмтыла ма екен ұшпаққа
Алыста тұрған айға олар?
Қаулаған жасқа өнерлі
Қараймын көзім талмастан.
Үзілмей елдің өлеңі
Секілді соған жалғасқан!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter