Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  105


Автор: Ғали Орманов

МЫҢНЫҢ МҰНАРАСЫНАН

Тəй-тəйлап аяқ бастырған
Ұқсас ең онда балаға.
Өмірге есеп тапсырған
Ұқсайсың бүгін ағаға.
Бетіңнен бүгін көрем мен
Қаделеп жазған мың нөмір.
Барабар маған өлеңмен
Дүбірге толы бұл өмір:
Осынау үнсіз цифрдан
Қарап тұр көп жыл, көп айлар;
Бетіңді үзбей толтырған
Күрестер, жырлар, көп ойлар.
Толысқан шағың жеткенмен,
Тоқтаған жоқсың сен əлі;
Өрісің байтақ, өте кең,
Жұлдызың ылғи жоғары.
Бастапқы басқыш секілді
Мыңыншы мынау мұнараң.
Шырқарсың шыңға не түрлі,
Келтірер шүбəм жоқ оған.
Талабы таудай жастарға
Тартарсың талмай соны жол.
Тереңге сілтеп қашан да,
Жетіле берер сені де ол!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу